Сәрсенбі күні облыстық "Фараб" әмбебап ғылыми кітапханасының бастамасымен "Тарихыңды таны, тұлғаңды құрметте" акциясы аясында Шардара аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен "Өлке тарихының көркем шежіресі" атты әдеби өлкетану шарасы өтті.

Бұл акцияның өзгешелігі – аудандық өлкелердің бір-біріне тарихи саяхат жасау арқылы, өз өлкесін өзге ауданға кеңінен таныстыру. Бұл жолы киелі Келес өңірінің зиялы қауым өкілдері мен Келес аудандық орталық кітапханасының қызметкерлері қонақта болды.

Шара барысында Шардара аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Інайұлы сөз бастап, осы шараға тұспа-тұс келген Шардара ауданының 60 жылды мерейтойымен құттықтап өтті. Ауданның құрылу тарихы жайлы, кешегі күндердегі ерен еңбек иелері туралы әсерлі әңгімелер шертті.

Сонымен қатар ардагер құрылысшы, ауданымызда басшылық қызметтер атқарған Орал Ақбердиев, жол құрылысы саласының ардагері Мұсахан Мархабай, медицина саласының ардагері Пазылхан Мыңбаев, аудандық бұқаралық ақпарат құралдары жайлы «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лахановтар әр сала бойынша ауданның дамуына қосқан үлестерін еске ала отырып, ізгі тілектерін білдірді.

Кеш барысында "Туған жерім Шардара – шаттық мекенім", "Шардара – белестер биігінде" атты көрме инсталляциясы таныстырылып, "Төрт қақпа –төрткүл дүние" атты бейнебаян көрермен назарына ұсынылды.

Шара соңы келестік әріптестерге өлкетану бағытындағы көрсеткіштер және оқырман сұранысындағы кітаптар сыйға тартылып, ауданымыздағы тарихи-өлкетану музейіне, "Шардара Армспорт" спорт клубына және Шардара су электр станциясына саяхаттаумен жалғасын тапты.

Мадина ЕРАЛЫ.