Жуырда ҚР Су ресурстары және ирригациялар министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Шардара қаласына арнайы ат басын бұрды. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев жұмыс сапарымен ауданымызға келген министрді Шардара қаласын ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған негізгі инфрақұрылымдық нысандардың жағдайымен таныстырды.

Сапар барысында министр «Шардара топтық су құбыры» құрылыс нысанын және Шардара қаласының бас су торабын аралады. Сонымен қатар, 1983 жылы пайдалануға берілген су жинақтағыш (водозабор) нысанының қазіргі техникалық жағдайы қаралды.

Бүгінгі таңда Шардара қаласының тұрғындары ауыз- суды Шардара су қоймасынан алып отыр. Су жинақтағыш құрылғы осы қоймадан су алып, оны бас су торабы арқылы қала халқына таратады. Ауызсумен қамтамасыз ету қызметін аудан бойынша «Шардара Сервис» МКК атқарып келеді.

Сонымен бірге министр Шардара қаласын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында аудан орталығынан 40 шақырымға жуық қашықтықтағы «Тама-Тастанбек» жерасты су қоры учаскелеріндегі «Шардара топтық су құбыры» жобасы бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысып, қосымша 5,0 млрд теңге көлемінде қаржы қажеттігі туралы ұсыныстарды тыңдады. Аталған жобаға 2025 жылға республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге бөлінген.

Қазіргі таңда жоба аясында:

- диаметрі 560 мм, ұзындығы 26 шақырым болатын полиэтилен құбыры тартылды;

- 26 дана су реттегіш камера орнатылды;

- су айдағыш насос стансасы мен су жинағыш резервуардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Министрлік тарапынан өңірдің ауызсумен тұрақты қамтамасыз етілуі басты назарда және бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. 

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.