ОБЛЫС ӘКІМІ АУЫЗСУМЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫ
Апта барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі су нысандарын тікұшақпен әуеден бақылап, жай-күйімен танысты. Атап айтқанда, Арыс, Келес, Қазығұрт, Отырар және Шардара ауданындағы каналдар мен су нысандарын қадағалады.
Одан кейін Шардара ауданындағы «Шардара» су электр станциясына барды. Мамандармен сөйлесіп, мекеменің жоспарымен, өзекті мәселелерімен танысты.
Өңір басшысы Шардара ауданы мен қаласын ауызсумен қамту мәселелері бойынша мамандармен кеңесті. Жаңа ұңғыма қазу жұмысымен танысып, Шардара қаласының бас су торабындағы жұмыстарды қадағалады. Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар берді.
– Биыл «Шардара» су қоймасында су көлемі аз. Бұл ауданды сумен қамту ісіне кедергі келтірмеуі керек. Ауызсуға қатысты жобаларды сапалы атқаруды және қадағалауда ұстауды тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров.
Аудан әкімі Арман Қарсыбаев ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды баяндады. «Шардара» су қоймасында су көлемі төмендеген жағдайда, қаланы жедел ауызсумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілді. Жалпы қалада 31 883 халық немесе 6 376 тұрғын үй бар. Сырдарияның оң жақ бөлігіндегі 12 ықшам ауданда 26 683 халық немесе 5336 тұрғын үй бар. Су көзі – «Шардара» су қоймасы. Сырдарияның сол жақ бөлігінде Өтеғұл шағын ауданында 5 200 тұрғын немесе 1040 тұрғын үй бар. Су көзі – ұңғыма арқылы келетін жер асты суы.
«Шардара» су қоймасындағы судың көлемі шамадан тыс азайған жағдайда қаланың бас су торабында пантон орналастырылып, пантон үстіне қуаттылығы сағатына 500 текше метр болатын арнайы насос орнату арқылы, төмен деңгейдегі суды жоғары шығару жоспарлануда. Сондай-ақ, бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін сол аумаққа жақын жерден жер асты суын алу жолдары қарастырылды. Қазіргі таңда, бас су торабынан 1,5 шақырым жерде тереңдігі 80-100 метр 2 ұңғыма бұрғылау жоспарланып, 1 ұңғыманың тиісті жұмыстары басталды.
* * *
ШАРДАРАДАҒЫ ЖҮГЕРІ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНДА 500-ДЕН АСА ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Облыс көлемінде өңдеу өнеркәсібі ұдайы даму үстінде. Бұл бағытта бірқатар жобалар жүзеге асса, енді бірі ашылуға жақын. Соның бірі – Түркістан облысы, Шардара индустриалды аймағындағы құрылысы жүріп жатқан «Казкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу кәсіпорны.
Мұнда жылына 150 мың тонна жүгері дақылы терең өңделеді деп жоспарланған. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына іссапары барысында зауытты аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Осыған дейін зауыттың алғашқы кезеңі бойынша дәнді дақылдарды сақтау және кептіру қоймасы өз жұмысын бастаған болатын. Биыл крахмал сірнесін өңдеу зауыты іске қосылып, мұнда 500-ден аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жер аумағы – 35 гектар. Инвестиция көлемі 35 млрд. теңге. Зауытта крахмал, глютен, жүгері сечкасы, жүгері сірнесі, мальтоза және карамель сірнесі өндіріледі. Сонымен қатар экспорт жүйесі дамыған. Өнімдер шшкі нарықтан бастап, шетелдің Ресей, Қытай, Бельгия, Англия елдеріне жөнелтіледі.
Одан кейін облыс басшысына дайын өнімдер көрмесі таныстырылды. Зауыт жетекшісі атқарылған жұмыстар мен құрылыс барысын баяндады. Аралау жұмыстары астық сақтау, әкімшілік, дайын өнімдерді сақтау, асхана, жатақхана ғимаратының құрылыс алаңында жалғасты. Облыс әкімі кәсіпорынның жұмысымен толық танысып, өндіріс саласын одан әрі дамытуды және құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.
* * *
ЖАҒАЖАЙ КЕЗ КЕЛГЕН ҚОНАҚТЫ ҚАБЫЛДАУҒА ДАЙЫН
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Шардара» су қоймасының жағалауын тағы аралап шықты. Осыдан бірер апта бұрын берілген тапсырмалары- ның орындалу барысын бақылады.
– Тазалық пен қауіпсіздік – туризмді дамытудың бір тетігі.
Демалушыларға, саяхатшыларға қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Тексеру барысында 409 сәкінің 171-і талапқа сай болмағандықтан алынып тасталды. Қалған 238 сәкі су жағасынан 50 метрге жылжытылды. Бүгінде мұнда 6 биоәжетхана, 160 қоқыс жәшігі, және 10 киінуге арналған кабина орнатылды.
Орман шаруашылығымен 5 келісімшарт тоқтатылды, полиция қызметкерлері тарапынан 196 құқықбұзушылық анықталып, жалпы 36 хаттама толтырылып, тиісті айыппұлдар салынды. 1 демалыс орнына тексеру жүргізіліп, талапты бұзғаны үшін сотқа материал жолданды. Кәсіпкерлер де заң шеңберінде жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта жағажай аумағына 16 құтқарушы бекітіліп, қалқымалы қауіпсіздік белгілері орнатылған.
Қазір табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 58 мыңға жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.