Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан жастарына өнеге мен тәлім беру мақсатында ардагерлермен, танымал тұлғалармен мазмұнды кездесу өткізу дәмтүрге айналып келеді.
Сәрсенбі күні ұйымдастырылған «Өнеге мен кеңес кеші» деп аталған шараға ұзақ жылдар ел игілігі жолында абыройлы еңбек етіп, қоғамда зор құрметке ие болған ардагер ұстаз, ақын Нұрғали Ыбырайым, "AMANAT" партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет және «Мейірім» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлдықыз Зейнеділова қатысты.
Кездесу барысында ардагер ұстаз Н.Ыбырайым өзінің өмірлік және еңбек жолындағы тәжірибесімен бөлісіп, жастарды білімге құштарлық, тәртіптілік пен отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығы жөнінде тағылымды ойлар айтты. Сонымен қатар, аудан тарихы, ел бірлігі және аға буынның жастарға қалдырған үлгісі кеңінен сөз болды. Сонымен қатар Е.Бекет пен Ұ.Зейнеділова да жастарға үлгі боларлық әсерлі әңгімелер шертті.
Кездесу сұхбат формасында өтіп, жастар көкейіндегі сұрақтарын қойып, пікірлерімен ашық бөлісті. Ізгі тілектер мен ақ баталар айтылып, жиын шынайы рухани әңгіме алаңына айналды.
Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеудің тиімді тетігі болып табылады.
Өз тілшімізден.