Жуырда аудан әкімі Арман Қарсыбаев жауапты бөлім басшыларымен бірге жаңадан құрылатын индустриялды аймақпен танысты. Онда жер көлемі, инфрақұрылым тарту және басқа да мәселелерді талқылап, мамандарға ол мәселелерді шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

«Индустриялды аймақтарды ашу – бұл ең алдымен ауданның әл-ауқатын көтереді. Өйткені, бюджетке салық түседі, тұрғындар жұмыспен қамтылады және кәсіпорындар арқылы ауданның экономикалық имиджі қалыптасады. Халықтың жағдайы жақсы болса елдің әлеуеті артады деген сөз. Сондықтан ауданға инвестиция тарту бұл ең басты бағытымыздың бірі» – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, қаланың шеткі бөлігіндегі №4 шағынауданға барып, биылғы жылға бірнеше көшелерді асфальттау, тас төсеу бойынша жұмыстарды талқылады.

Атап айтсақ, ағымдағы жылы  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында  14 көшені және жергілікті бюджет қаржысы есебінен аудан бойынша 21 көшені орташа жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Бұдан бөлек, үнемделген қаражат есебінен тас төсеу жұмыстарын жүргізу де күтілуде.

Өз тілшімізден.