Биыл Түркістан облысында егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету маусымы қалыпты жағдайда басталды. Алайда, жауын-шашын мөлшерінің аздығы, ауа температурасының жоғары болуы су тапшылығы қаупін күшейтуде. Бұл туралы өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен сөз болды.
Облыста ауыл шаруашылығы дақылдары биыл 890 мың гектарға егілді, оның 552 мың гектары – суармалы алқаптар.
Облысқа жыл сайын 4,8 млрд текше метр су қажет. Алайда биыл ауа райының күрт өзгеруіне байланысты су қорының 30%-ға дейін қысқару қаупі бар. Бұл, әсіресе облыстың оңтүстік аймақтарында – Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында сезілуі мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен үнемдеу технологияларын ұлттық басымдық ретінде айқындап, бұл бағыттағы жұмыстарға ерте қамдану қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар – осы тапсырманың нақты жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Жағдайды тұрақтандыруға арналған нақты қадамдар жүзеге асуда. Мәселені оңтайлы шешу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, «Бәйдібек ата» және «Боралдай» суқоймалары салынуда. Бұл «Бөген» суқоймасына қосымша 113 млн м³ су жеткізуге мүмкіндік береді. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 27 мың гектарға енгізілмек. Жоспарланған межеден асып, 59 мың гектарға жеткізу көзделуде. Қазірдің өзінде 46 мың гектар алқапқа су үнемдеу жүйесі орнатылған. Машиналық су көтеру каналдары арқылы қосымша 11,3 м³/сек су берілуде. Бұл «Достық» магистралды каналының биылғы төмен көлемін (28,6 м³/сек) ішінара теңгеруге бағытталған.
Сонымен қатар 25 су қоймасы, 1 су реттегіш және 269 канал күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл су жүйелерінің тозу көрсеткішін 76%-дан 50%-ға дейін төмендетуге сеп болады. Нәтижесінде 400 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, жыл сайын 200 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілмек.
Ағын суды заңсыз пайдаланушыларға қатысты қатаң шаралар қабылдануда. «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы облыстағы су нысандарына тұрақты тексеру жүргізіп, осы күнге дейін 20 құқық бұзушыға хаттама толтырып, айыппұл салған. Шардара ауданы прокуратурасымен бірлескен рейд барысында 24 заңсыз су сорғы құрылғысы анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Биылғы маусымдағы күрделі гидрометеорологиялық жағдайға қарамастан, Түркістан облысы ағын суды басқару, сақтау және тиімді пайдалануда жүйелі шаралар атқаруда. Су инфрақұрылымдарын жаңарту, үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және бақылау тетіктерін күшейту арқылы өңірдің агросекторы ағын су тапшылығын еңсеруге қауқарлы болып отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.