2025-2030 жылдарға арналған «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында өткізілетін апталық іс-шаралар шеңберінде «Қоғамға қызмет ету күні» өткізілді.

Осыған орай арнайы құрылған мобильді топ аудан тұрғындарымен кездесті.

Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық және интернет алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайту.

Мобильді топ құрамында Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің өкілі Әли Тасболатов, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Дулат Бидайбек болды. Сонымен қатар, шараға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудан прокуратурасының аға прокуроры Санжар Дартаев, прокурор Руслан Қайнаров, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Қасымхан Сатыбалдиев және аудандық жеке сот орындаушысы Нұрлан Бакировтар қатысты. Іс-шараға сондай-ақ, аудандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қала әкімдігі өкілдері, әлеуметтік сала мамандары мен заңгерлер қатысты.

Мобильді топтың міндеті – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру, қоғамдық қабылдаулар өткізу және азаматтарды толғандыратын мәселелерді талқылау.

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан түрлі алаяқтық әрекеттеріне қатысты сұрақтар қойылып, нақты құқықтық түсіндірмелер берілді. Интернет алаяқтық мәселесі бойынша бірнеше азамат құқықтық  кеңеске жүгініп, барлығына тиісті жауаптар ұсынылды.

Мұндай мобильді қабылдаулар тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың көкейіндегі мәселелерді уақтылы шешуге мүмкіндік беретін тиімді құрал болып табылады. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

«Өскен өңір» – ақпарат.