Қыдыр қонған Қызылқұм мен сырлы Сырды ен бойлай жатқан шежірелі Шардара өңірі ұлттық өнерді ұлықтаушы жыршы-термеші, ақын-жазушыларға кенде емес. Қолына алған қара домбырасымен халықтың сүйіктісіне айналған жыршы-термеші, Өзбекстан, Қарақалпақстан өңіріне де аты жайылған әйгілі өнерпаз, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Тәшман Шекеров осы топтың көш басында жүруші еді.
Қарт жыраудың арамыздан өткеніне де 2-3 жылдың жүзі болды. Осындай үлкен өнер иесін ұлықтау, өнерін кейінгі жас буынға өнеге ету – бүгінгі ұрпақтың міндеті болса керек.
Апта барысында ауданымыздың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында Тәшман Шекеровтің термелерін орындап, дәріптеу, ұлттық өнерді насихаттау мақсатында «Терменің тарланбозы Тәшман жырау» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Аталған өнер бәйгесіне барлық ауданнан сайдың тасындай іріктелген 16 жыршы-термеші қатысып, өнер жарыстырды. Оның 3-еуі шардаралық өнерпаз.
Байқауға ҚР білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз, өнер жанашыры Жұман Ұлықбек Назарұлы (төраға), жыршы-термешілердің республикалық байқауларының жүлдегері, ЮНЕСКО-ның «Ұлтық өнер жанашыры» сертификатының иегері Айдаров Әбдіғаппар Әбубәкірұлы және айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұлттық жанр жөніндегі маманы Рүстемов Аязбек Абдібекұлы қазылық жасап, қатысушылардың өнерін сараптады.
Сонымен Бас жүлдені Шардара ауданынан белгілі жыршы-термеші Сәкен Бегманов жеңіп алды. Бірінші орынды тағы бір жерлесіміз, дауылпаз жыршы Қанат Дауылбаев қанжығасына байлады. Сауран ауданынан келген жыршы Талғат Мәмбетов пен келестік өнерпаз Асан Бектібаев екінші орынға лайық деп танылды. Төле би ауданынан келген Сәкен Төретаев, Созақ ауданының намысын қорғаған Мейрамбек Тоғысов, Бәйдібек ауданынан келген өнерпаз Бағдат Юсуповтар жүлделі үшінші орынды иеленді.
Мұнан бөлек Арыс қаласынан келген Гүлназ Сартаева «Шардара ауданы әкімінің жүлдесімен», тағы бір шардаралық жыршы-термеші, белгілі өнерпаз Аманғали Ниязов «Камал Ендібаев атындағы арнайы жүлдемен», Кентау қаласының өнерпазы Файзулла Әдірахман «Уәли Исахов атындағы арнайы жүлдемен», Кеңес Азамат «Жұмахан Жақыпов атындағы арнайы жүлдемен», Сыдықов Батырбек «Жиенбек Шырынбеков атындағы арнайы жүлдемен» марапатталды. Қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Жыршы-термешілердің өнерін тамашалаған тыңдарман қауым іс-шараның жоғары деңгейде өткендігін, мағыналы жыр-термеге бір сусындағандарын айтып, ризашылық білдіріп тарасты.
Өз тілшімізден.