Шардара ауданында аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы бір аптадан бері фитосанитариялық іс-шаралар қарқынды жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев Жаушықұм массивіндегі шегірткемен күрес жұмыстарымен танысып, мамандармен жұмыстарды талқылады. Сондай-ақ, мамандарға зиянкестермен күрес қарқынын арттыруды тапсырды.
Айта кетсек, Шардара ауданында өсімдік зиянкестерімен ағымдағы жылы Жаушықұм массиві мен Сырдария өзені жағалауында күрес жұмыстары жүргізілуде. https://www.facebook.com/share/v/1RDAN7EGCR/
Бүгінгі таңда 4200 га аумақта зерттеу жұмыстары жүргізіліп, 314 га аумақта шегіртке ошағы анықталған. Оның 120 га астам ошағына химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп, қарқынды жалғасуда.
Аудандық болжамдар әдістемелік орталығының хабарламасына сәйкес, Жаушықұм, Сүткент ауылдық округтерінде шегіртке зиянкестерінің жер бетіне шығу дерегі тіркеліп анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жаушықұм массивіндегі жайылымдық аймақта жергілікті әкімдік, аумақтық инспекция мамандарымен бірге 40 анықтаушы, ветеринария мекемесінің 10 маманы, қосымша Қ.Тұрысбеков ауыл округінен 5 анықтаушы жұмылдырылып, 20 дана аспалы (ранцевый) бүріккіш аппараттары «тиаметрин» препаратымен өңдеу жұмыстарын атқаруда.
Сонымен қатар Қоссейіт, Көксу, Ұзыната, Алатау батыр, Сүткент, Достық ауыл округтері Сырдария өзені жағалауындағы жайылым жерлерге «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мамандары мен анықтаушылар өсімдік зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық іс-шаралар атқаруда. Бүгінгі таңда аталған ауыл округтерінде зерттелген жердің экономикалық зиянды шегінен асқан марокко шегірткесінің қоныстанған ошақтары анықталып, химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Өңдеу жұмыстарына арнайы жабдықталған 2 бірлік МТЗ базасындағы тракторлар, 40 бірлік аспалы (ранцевый) бүріккіш аппараттары, 65 анықтаушы жұмылдырылуда.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі