Кешегі аптада Шардара қаласы, Өтеғұл елді мекеніндегі саябақта ақын, ауданның Құрметті азаматы, «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Құрмет» орденінің иегері ұзақ жылдар «Өскен өңір» газетінің бас редакторы болған Жұмабек Мұқановтың ескерткіші орнатылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері – Бекет Тұрғараев, Ислам Әбішев және аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, ақын-жыршылар мен ардагерлер, Ж.Мұқановтың туыстары, ұл-қыздары қатысты.

Жиынның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, Бекет Тұрғараев, Ислам Әбішев және ауданымыздың «Құрметті азаматы» Сламбек Мергенбаевтар сөз алып, Ж.Мұқановтың жүріп өткен өміржолына, шығармашылығына кеңінен тоқталды. Мұндай шаралар кейінгі жас буынға үлгі-өнеге екендігін айтып, ақынның шығармашылығын зерттеу қажеттігін атап өтті. Мектеп оқушылары Ж.Мұқановтың жырларын жатқа оқып, іс-шараға қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен бірге Ж.Мұқановтың ұлы Шыңғысқа аудан әкімінің атынан «Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл» мерекелік медалі табыс етілді.

Шардаралықтар ендігі жерде ескерткіш маңын абаттандырып, көркейту мәселесіне кірісетіндерін жеткізді.

«Өскен өңір» – ақпарат.