Өткен аптада аудандық ардагерлер үйінде облыс тарапынан белгіленген жоспарға сәйкес «Жас ұрпақ тәрбиесі» бағытында алқа мәжілісі өтті. Жиынға аудан әкімдігі мен ішкі саясат бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, мәдениет және білім саласының өкілдері, жастар орталығы, аудандық аурухана, бастауыш ардагерлер ұйымдары, әжелер алқасы, медиаторлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков ашып, күн тәртібіндегі «Жас ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, алдағы қыркүйек айында өтетін ардагерлер семинары, ардагерлер кабинетін жабдықтау, ардагерлер саяхаты, ардагерлер үйін күрделі жөндеуден өткізу және тағы басқа мәселелер жайлы атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Нұрғали Әбілдаев бала тәрбиесіндегі ата-аналардың рөлі, әсіресе әкелер жауапкершілігін арттырудың маңызы туралы айта келе, ұрпақ тәрбиесі ұлт тәрбиесі екенін, мемлекет алдындағы өзекті мәселелердің бірі екенен айтып өтті. Осы бағытта аудандық білім бөлімі тарапынан ауданда 2025 жылы біршама жұмыстар атқарылғанын, тәрбие бығытында мектептерде іс-шаралар өткізілгенін, әйтсе де, білім беру ұйымдарында әртүрлі құқықбұзушылық, келеңсіз жағдайлар орын алып отырғанын жасырмады.
Бұдан кейін ақын Нұрғали Ыбырайым ұрпақ тәрбиесінде мұғалімдердің, ата-ана, әсіресе әкелердің рөлінің айырықша екенін атап, жастар тәрбиесіне қатысты өмірлік мысалдар келтіріп, жүрекке жол тартар өлең жолдарын оқып берді.
Әжелер алқасының төрайымы Гүлзахира Исаева ауданымыздағы барлық ауылдық округте жүзден астам әжелеріміз бала тәрбиесінде аянбай еңбек етіп келетінін, әже өнегесі ұрпақтан ұрпаққа ұласып, ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан тәрбиенің қайнар көзі екенін атап өтті. Биылғы жылдың өзінде ауылдық округтерде 50-ден астам түрлі форматтағы тәрбиелік іс-шаралар өткізілгенін айтты.
Жиын барысында ішкі саясат бөлімі, жастар орталығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық аурухана және «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы өкілдері де осы тақырыпта атқарған жұмыстары жөнінде атап өтті. «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Бақтыбай Исмайлов аталмыш мекемеде атқарылған жұмыстармен таныстырып, зейнеткерлерге санаториялық демалыс орындарына жолдама тендер өткеннен кейін мүмкін болатынын, ал 2025 жылдан алдын тіркелген барлық зейнеткерлер тізімі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен осы мекемеге өткенін, бұдан бұлай тіркелу тек «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы арқылы болатынын хабарлады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Бибажар Есбосынова мекеме құзіретіндегі жұмыстар ойдағыдай атқарлып жатқанын, 2025 жылдан бастап бұл мекеме мүгедектігі бар азаматтарға демалысқа жолдама беретінін хабарлады. Аудандық аурухананың бас дәрігері Мұхиддин Сейітханов қатысушыларға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жайлы түсіндірме жасап, қатысушылар саулдарына жауап берді.
Жиын соңында бастауыш ардагерлер ұйымдары, әкелер мектебі, әжелер алқасы және медиаторлар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Алқалы жиын нәтижесінде «Жас ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» тақырыбында барлық бастауыш ардагер ұйымдарында жиындар өткізу тапсырылды. Қыркүйек айындағы семинарға дайындық жұмыстарын үйлестіру міндеті аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Байдулла Рахматтулаевқа жүктелді.
Айдар Әбубәкіров.