
Кешегі аптада аудан прокуроры Алмас Әлінің төрағалығымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын күшейту және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелеріне арналған маңызды жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Е.Қаратунов, қала және ауыл әкімдері, дербес бөлім басшылары, аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Елшібаев, аудандық білім бөлімінің жауапты мамандары, мектеп директорлары мен педагог-психологтар қатысты.
Кездесу барысында жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су айдындарында орын алуы мүмкін қайғылы жағдайлардың алдын алу, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар, жиында жасөспірімдер арасында кездесетін буллинг, психологиялық қысым және суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Педагог-психологтар тарапынан балалардың психологиялық көңіл-күйін тұрақты бақылауда ұстау, ата-аналармен тығыз байланыс орнату және қауіптің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды. Мамандар жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына бейжай қарамау — қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу, олардың спорттық, мәдени және танымдық іс-шараларға белсенді қатысуын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру арқылы түрлі құқықбұзушылықтар мен зиянды әрекеттердің алдын алуға болатыны жеткізілді.
Аудан прокуроры Алмас Әлі барлық жауапты мекемелерге балалар қауіпсіздігін басты назарда ұстап, профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара байланысын күшейтіп, жазғы кезеңде рейдтік және түсіндіру жұмыстарын тұрақты ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысында жауапты сала басшыларына жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде ұсыныстар айтылды.
«Өскен өңір» – ақпарат.





