Апта барысында Түркістан облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, генерал-майор Ерболат Темірболатұлы Балғабаев арнайы жұмыс сапарымен Шардара ауданына келді.

Ерболат Темірболатұлын аудан басшысы Арман Қарсыбаев күтіп алып, ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Қонақтар әуелі Шардара қаласындағы «KAZKRAHMAL» жүгеріні терең өңдеу зауытының жұмысымен таныстырылды. Аталған зауытта жүзеге асырылып жатқан жобалар мен кәсіпорынның экспорттық әлеуетін және өңір экономикасын дамытудағы өндіріс орнының маңызына тоқталып, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді өңдеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстары туралы зауыт басшысы баяндап өтті. Делегация зауыттың заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік желілерін аралап көріп, кәсіпорынның алдағы даму жоспарларымен танысты.

Одан кейін қонақтар «Заң мен тәртіп» жобасы аясында ұйымдастырылған «Тәртіпке тартыл» атты облыстық «TUR Workout» жастар сайысының ашылу рәсіміне қатысты. Іс-шараны Түркістан облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» бірлесіп өткізді.

Сонымен қатар, Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің өкілі Гүлзия Нұрғалиқызы Қарсыбай жастармен кездесіп, «Заң мен тәртіп — қоғам тұрақтылығының кепілі» тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында қаржылық пирамидалардың зияны, дропперлік әрекеттердің қауіптілігі және синтетикалық есірткінің адам өміріне тигізетін зардаптары туралы айтылды. Жастарға интернет алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндіріліп, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында кеңестер берілді.

Мүнан кейін қонақтар «Шардара-Армспорт» спорт кешеніне барды. Клубтың негізін қалаған Арман Романұлы спортшылардың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.

Сапар барысында генерал-майор Ерболат Балғабаев жас спортшылармен кездесіп, олардың жетістіктеріне жоғары баға берді. Сонымен қатар, спорт федерациясының мұражайын аралап, естелік қолтаңбасын қалдырды.

Іс-сапар соңында Ерболат Темірболатұлы аудан активімен кездесіп, жастардың спортқа қызығушылығын арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, тәртіпке баулу және патриоттық рухты күшейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Кездесу барысында өңірде бұқаралық спортты дамыту, жастарды зиянды әдеттерден сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.

 Аудан әкімінің баспасөз қызметі.