
Қоғамдық кеңес – консультативтік-кеңесші, байқаушы орган. Олар екі деңгейде – республикалық және жергілікті деңгейлерде құрылды. Сондай Қоғамдық кеңес Шардара ауданында да құрылған.
Апта барысында аудан әкімдігінде Қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісі болып өтті. Жиынға кеңес мүшелері, дербес бөлім басшылары қатысты. Жиынды кеңес төрағасы Нұрмаханбет Сапаров жүргізіп отырды.
Жиында бекітілген бірінші мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар қаралды. Бұл мәселе бойынша аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Талғат Әлімқұл хабарлама жасады.
Ауданда ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 58 мың гектар жерге орналастырылыпты. 6201 бірлік агроқұрылымдар жұмыс жасауда және қолда бар 2328 ауыл шаруашылығы техникаларының кѳктемгі дала жұмыстарына 99,2 пайызы қатысуда.
Минералды тыңайтқыштар бойынша ауданға биыл 16 585,6 тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспары берілген. Қазіргі таңца 1000 тоннадан астам аммофос, 900 тоннадан астам аммиак селитрасы тасымалданған екен.
Жеңілдетілген жанар-жағармай бойынша биылға 2630 тонна дизель отыны бөлініп, шаруаларға толық жеткізіліп беріліпті.
Шаруалар биылғы жылы 2 843,5 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Сонымен қатар, олар 180 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алады деп күтілуде.
Су үнемдеу технологиясын 7949,6 гектар егістік алқапқа ендіру шаралары атқарылуда. Шығынның 80 пайызын мемлекет тарапынан өтеп беруге инвестициялық субсидия қарастырылған. Ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары өзге де өзекті мәселелерді атап өтті. Кеңес мүшелері ауыл шаруашылығы саласындағы өзге де мәселелер туралы сұрап-біліп, бөлім қызметкерлеріне ауданның техникалық картасын жасауды тапсырды.
Мұнан соң «Ветеринариялық қызмет» МКК Шардара аудандық филиалының басшысы Бақытжан Мыңбатыров биылғы жылдың 4 айында атқарылған жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша барлық жұмыстар жоспар бойынша жүргізілуде екен. Сонымен қатар, 7 ауылда ветеринариялық пункт салынуда. Мұнан бөлек аудан бойынша мал өлекселерін тастайтын 13 нысан, мал тоғытатын 13 нысан, ірі қара малды қолдан ұрықтандыратын 6 пункт, қаңғыбас ит-мысықтарды ұстайтын 1 орын жұмыс істеп тұр.
Бір таң қаларлығы – ендігі жерде қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, жоюмен «Ветеринариялық қызмет» мекемесі емес аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі айналысатын болыпты.
Бұл сала бойынша атқарылған жұмыстарға оң баға берген кеңес мүшелері өздерін толғандырып жүрген сауалдарға тиісті жауап алды.
Өз тілшімізден.





