
Кешегі аптада Шардара қаласының орталық стадионында «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен, Шардара ауданы әкімі Арман Романұлының қолдауымен, «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге арналған «Аналар аманаты» атты ауқымды мәдени іс-шара жоғары деңгейде өтті.
Іс-шараның басты ерекшелігі – биіктігі 6 метрлік алып «Сәукеленің» көпшілікке таныстырылуы болды. Ұлттық өнерді жаңғыртып жүрген шебер Дауылбаева Ақмарал Шаншарқызының туындысы көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Айта кетейік, бұл сәукеленің алғашқы үлгісі 2025 жылы Түркістан төрінде таныстырылып, Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын.
Салтанатты шеруге «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Шардара аудандық филиалының мүшелері, «Алтын» және «Күміс» алқа иегерлері, батыр аналар, спортшы қыздар, өнерпаз жастар, мектеп оқушылары мен мекеме қызметкерлері қатысып, ұлттық киім үлгісінде сән-салтанатымен көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, колледж студенттері ұлттық киімдер дефилесін ұсынып, қазақы нақыштағы заманауи үлгілерді көпшілік назарына ұсынды.
Шара барысында қазақтың «Қара жорға», «Этно стиль», «Қамажай», «Қазақ биі» билері орындалды. Аудандық мәдениет үйінің әншісі Гүлмарал Жақыпбайдың орындауындағы әсем «Гәкку» әні шырқалып, ән әуенімен желек ұстаған ардақты аналар ұлттық құндылықтың символына айналған қасиетті желекті кейінгі жас ұрпаққа табыстады. Бұл көрініс ұрпақтар сабақтастығын айшықтап, аналардың аманаты мен ұлттық тәрбиенің мәңгілік жалғасын бейнелеген тағылымды сәтке айналды.
Сәукеленің жеті желегі ауданның дамуына үлес қосқан ардақты аналардың қатысуымен ашылып, ұлттық дәстүрдің терең мағынасы насихатталды.
Іс-шараға Түркістан облыстық «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының төрай-ымы Қалыйма Жантөреева қатысып, ізгі тілегін білдіріп: «Сәукеле – қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық келбетінің айқын көрінісі. Осындай тағылымды шаралар арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді.
Іс-шара барысында бірқатар ардақты аналар Гиннестің рекордтар кітабының төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Каратунов құттықтау сөз сөйлеп: «Ұлттық құндылықтарды дәріптеу – ел болашағына жасалған инвестиция. Бүгінгі шара халқымыздың бай мұрасын ұлықтайтын ерекше рухани алаңға айналды», – деді.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Бауыржан Шомпиев: «Аналар аманаты – ұлт тәрбиесінің алтын қазығы. Осындай мазмұнды шаралар арқылы ұлттық дәстүріміз жаңғырып, ел бірлігі нығая түседі», – деп атап өтті.
Шара барысында Дауылбаева Ақмарал «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды.
«СӘУКЕЛЕ-2026» — ұлттық мұрамызды ұлықтап, қазақ халқының рухани байлығын кейінгі ұрпаққа насихаттаған тағылымы мол іс-шара болды.
Жалпы іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың зор ризашылығына бөленді.
«Өскен өңір» – ақпарат.




