15 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төра- ғалығымен Түркі  әлемінің  рухани    астанасы Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбындағы бейресми саммиті өтті.

Басқосуға Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Президенті Туфан Эрхюрман  және ТМҰ Бас хатшысы, Елші Кубанычбек Омуралиев қатысты.

Жиынға, сондай-ақ, ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен мүшелері, Түркі ынтымақтастық ұйымдарының басшылары қатысты.

Саммит қарсаңында Мемлекет басшыларының қабылдауына ұсынылатын құжаттарды пысықтау және Ұйым күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылау мақсатында ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) бейресми отырысы өтті.

«Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбында өткен саммитте ТМҰ-ға мүше және бақылаушы мемлекеттер арасындағы цифрлық трансформация, инновация, жасанды интеллект, көлік-коммуникациялық байланыс және тұрақты экономикалық даму салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне баса назар аударылды. Көшбасшылар «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиясының мақсаттарына сәйкес Түркі әлеміндегі ынтымақтастықты, өзара сенімді және стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге бейілділіктерін тағы бір мәрте растады.

Түркістан бейресми саммитінде қабылданған негізгі шешімдер:

- Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан декларациясы;

- Түркі мемлекеттері ұйымы Хатшылығының институционалдық және цифрлық әлеуетін нығайту туралы шешім;

- Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасарын тағайындау туралы шешім.

ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев өз сөзінде ұйымның цифрландыру, көлік, сауда, энергетика, туризм, білім беру және озық технологияларды қамтитын стратегиялық салалардағы өңірлік ықпалдастық платформасы ретіндегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Түркі әлеміндегі тұрақты даму мен өңірлік интеграцияны нығайту мақсатында институционалдық үйлесімділікті күшейту мен ортақ цифрлық жобаларды іске асыру қажеттігіне тоқталды.

Жасанды интеллект, цифрлық басқару, «ақылды» инфрақұрылым және инновациялық экожүйелерді дамытудың маңыздылығын атап өткен Мемлекет басшылары ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің тиісті құрылымдары мен мүдделі тараптарын өзара іс-қимылды жандандыруға шақырды.

Саммит аясында Мемлекет басшылары Түркі әлемінің тарихи, мәдени және рухани мұрасын бір арнаға тоғыстыратын халықаралық деңгейдегі көпфункционалды мәдени-ғылыми және туристік кешен – «Түркі өркениеті орталығының» салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ, жоғары деңгейдегі бұл басқосу Түркістанның Түркі әлеміндегі рухани астана мәртебесін тағы бір мәрте бекітіп, оның түркі халықтарының ортақ бірегейлігін, мәдени мұрасы мен ынтымағын нығайтудағы символдық рөлін айқындай түсті.

Саммит қорытындысы бойынша ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев БАҚ өкілдеріне бейресми кездесудің негізгі қорытындылары мен қабылданған маңызды шешімдері туралы ақпарат берді.

Саммит аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің мемлекет және үкімет басшыларының құрметіне ресми қабылдау ұйымдастырды.

Oskenonir.kz