Қазақстан Республикасы Президенті 2026 жылғы 16 мамырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері елімізде аталған Жарлықты жүзеге асыру бағытында кешенді бағдарлама қабылданып, жер-жерде жүзеге асырылуда.

Күні кеше аудан орталығында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен аталған іс-шара аясында «Оқыған ұлт – озық ұлт: кітап оқу мәдениеті – зерделі қоғам негізі» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Әбдіразақов, 2013 жылы ЮНЕСКО-ның «Ұлттық өнер жанашыры» сертификатының иегері, ақын, жыршы-термеші  Әбдіғаппар  Айдаров,  «Ы.Алтынсарин» атындағы мектептің мұғалімі, жас ақын Бекжұма Нарбай, облыстық «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы, аудандық орталық кітапхананың тұрақты оқырманы Батырбек Иса, сонымен қатар кітапсүйер қауым қатысты.                        

Іс-шара басталмас бұрын қонақтар арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады.

Өзара сұхбат барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков Президент бастамасының маңыздылығына тоқталды.

«Бұл құжат қоғамның интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, жастардың кітапқа қызығушылығын күшейтуге, ұлттық әдебиетті қолдауға және кітапханалардың заманауи дамуына тың серпін беретін маңызды бастама болып табылады.

Бүгінгі басқосу барысында Жарлықтың мәні мен маңызы, кітап оқудың қоғамдағы рөлі, кітапханалардың жаңа міндеттері және оқырман мәдениетін қалыптастыру жолдары төңірегінде пікір алмасамыз» деді аудан әкімінің орынбасары.

Ұлттың рухани тұтастығын сақтап, жас ұрпаққа тәлім мен тәрбие беруде ардагерлердің орны ерекше. Өмірлік тәжірибесі мол, елдің бірлігі мен ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосып жүрген ардагерлеріміздің тағылымды ойлары – біз үшін үлкен өнеге. Осы орайда сөз кезегін алған аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, Ә.Айдаровтар терең мазмұнды, тағылымы мол ой-пікірін ортаға салды.

Келесі кезекте сөз алған жыр әлемінде өз қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан жас ақын  Бекжұма  Матжанұлы мен кітап оқуды өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырған, білім мен өнерді қатар ұштастырып жүрген жас оқырманның бірі, облыстық «Абай оқулары» байқауының жеңімпазы Батырбек Иса кітап оқудың пайдасы туралы ойларын айта келіп, оралымды ойларын өлеңмен жеткізді.

Аталған басқосуда кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызы, Президент Жарлығында белгіленген міндеттер және кітапхананың қоғамдағы рөлі жан-жақты сөз болды.

 Кітап – ұлттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің бастауы. Кітап оқитын қоғам ғана зерделі, бәсекеге қабілетті әрі болашағы жарқын қоғам бола алады. Сондықтан кітапты өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдырып, жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын бірге арттырайық.

А.Әбубәкіров.