
ШАРДАРА ҚАЛАСЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛДЫ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, жол мәселесін, ауыз су мәселесін реттеуді күн тәртібінен түсірген емес. Мемлекет басшысы 2021 жылғы халыққа арнаған Жолдауында алдағы 5 жылда Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын. Осы міндетті орындау мақсатында біршама жұмыс атқарылды.
Шардара ауданында халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша Түркістан облысы әкімдігі тарапынан тиісті ұсыныс енгізіліп, Үкімет тарапынан маңызды жобаға қолдау көрсетіліп, Шардара топтық су құбырын салу жобасы жүзеге асырылды.
31 шілде күні Шардара қаласында көптен күткен «Шардара» топтық су құбыры («Тама-Тастанбек») пайдалануға берілді.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевқа Түркістан облысында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды. Вице-премьерге өңірдегі ауыз су нысандарының құрылысы, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіштері және алдағы кезеңге жоспарланған жобалар жөнінде баяндалды.
Одан кейін жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықты сапалы ауыз сумен қамту – Үкіметтің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, шардаралықтарды көптен күткен маңызды жобаның жүзеге асуымен құттықтады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындардың қуанышымен бөлісіп, Президент тапсырмасы мен Үкіметтің қолдауының нәтижесінде жүзеге асқан бұл жоба өңір үшін тарихи маңызға ие екенін жеткізді. Нәтижесінде Шардара қаласының тұрғындары санитариялық талаптарға толық сәйкес келетін сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді.
Аудан халқы атынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков сөз сөйлеп, аталған жобаның жүзеге асуына атсалысқан барша азаматтарға алғыс сезімін білдірді.
Жобаның негізі 2008-2009 жылдары Шардара-Байырқұм жерасты су кен орнында жүргізілген қосымша барлау жұмыстарының нәтижесінде қаланды. Қазақстан Республикасы Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясының хаттамасына сәйкес жерасты су қоры 25 жыл мерзімге бекітілді. Зерттеу нәтижесінде «Тама-Тастанбек» учаскесіндегі жерасты суларының бактериологиялық, радиологиялық және химиялық көрсеткіштері санитариялық талаптарға толық сәйкес келетіні анықталды.
Жобаның нәтижесінде Шардара қаласындағы 30 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Су құбырының жобалық өнімділігі тәулігіне 24 мың текше метрді құрайды. Құрылыс барысында жалпы ұзындығы 39,28 шақырым болатын диаметрі 500 миллиметрлік екі магистральды полиэтилен су құбыры тартылды. Сонымен қатар көлемі 500 текше метр болатын екі және көлемі 5 мың текше метр болатын екі су резервуары салынды. Жоба аясында 14 су алу ұңғымасы бұрғыланды. Оның ішінде 12-сі жұмысшы, 2-еуі резервтік ұңғыма. Екі қосалқы станция мен суды тазарту қондырғылары орнатылып, барлық инженерлік жүйелер толық іске қосылды.

Бұл жобаның халыққа беретін пайдасы өте зор.
Біріншіден, тұрғындар таза ауыз суға тұрақты қол жеткізеді.
Екіншіден, тұрғын үйлердегі, әлеуметтік нысандардағы және қоғамдық орындардағы су мәселесі едәуір жеңілдейді.
Үшіншіден, ауданның санитариялық жағдайы жақсарып, халықтың өмір сүру сапасы артады.
Тұрақты ауыз су жүйесі тұрғындардың денсаулығына да, тұрмыс сапасына да оң әсер етеді. Ауыз су жеткілікті болған жағдайда мектептер, балабақшалар, ауруханалар және басқа да мекемелер қалыпты жұмыс істейді. Сонымен қатар бұл жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. Өйткені кез-келген елді мекеннің тұрақты дамуы ең алдымен сенімді инженерлік инфрақұрылымға байланысты.
Қорыта айтқанда, Шардара топтық су құбырын салу жобасы – халық үшін стратегиялық маңызы бар әлеуметтік-инфрақұрылымдық жоба. Жобаның іске асырылуы нәтижесінде аудан тұрғындары сапалы, тұрақты және сенімді ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл – Шардара ауданының бүгінгі қажеттілігін ғана емес, болашақтағы дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жоба.
Жаңа су құбырының іске қосылу рәсіміне қатысқан шардаралықтар Мемлекет басшысына, Үкіметке және жобаның жүзеге асуына үлес қосқан барша азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
«Өскен өңір» – ақпарат.





