
Дәл қазір Құрылтай сайлауының үгіт-насихат кезеңі қызу жүріп жатыр. Саяси додаға қатысушы 7 партия өздерінің хал-қадірлерінше түрлі форматта үгіт-насихаттың көрігін қыздырып жатыр. Аталған шаралар аудан көлемінде де жүргізілуде.
Аудан көлеміндегі жағдайға зер салсақ 7 партияның ішінде «Әділет» партиясының белсенділік танытып отырғанын көруге болады. Әлеуметтік желідегі жұмыстары да қарқынды. Кешегі аптада «Әділет» партиясы Шардара аудандық филиалы жанынан құрылған штаб мүшелері ауданымыздағы БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.
«23 шілдеде аудандық штаб өз жұмысын бастады. 24 шілдеде «Әділет» партиясы Шардара аудандық сайлауалды штабының салтанатты ашылу рәсімі өтіп, штаб өз жұмысын ресми түрде бастады.
Содан бері партиямыздың сайлауалды бағдарламасын үздіксіз насихаттап келеміз. Оған өздеріңіз де куә болып жүрсіздер. Бұған дейін аудан көлеміндегі кәсіпкерлермен, жастармен, ауыл шаруашылығы саласының мамандарымен, білім саласы қызметкерлерімен, дәрігерлермен, спортшылармен кездесулер өткізіп үлгердік. Бүгін аудан көлеміндегі БАҚ қызметкерлерімен кездесу өткеруді жоспарладық. Қандайда бір мәселе біздің назарымыздан тыс қалмайды. Біз сіздерді тыңдап, мәселелеріңіздің шешілуіне ықпал етуді көздейміз, – дейді «Әділет» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Шомпиев.
Штаб мүшелері «Әділет» партиясының басты ұстанымдарының бірі – ашық қоғам қалыптастырып, азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Сонымен қатар тәуелсіз журналистиканы қолдау, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуетін арттыру, медиа саласын цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздікті күшейту бағытындағы бағдарламалық бастамалар таныстырылды.

Кездесу барысында БАҚ өкілдері ақпарат таратудағы өзекті мәселелерді, өңірлік журналистиканы дамыту, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру және қоғаммен тиімді кері байланыс орнату жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Штаб мүшелері көтерілген барлық ұсыныстар партияның алдағы жұмысында ескерілетінін айтып, бұқаралық ақпарат құралдарымен тұрақты әрі ашық әріптестік орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Әділет» партиясының ашық ақпараттық саясатты қалыптастыруға, сөз бостандығын қолдауға, қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді байланысты нығайтуға және еліміздің демократиялық дамуына бағытталған бастамаларына оң бағасын беріп, мұндай ашық диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Өз тілшімізден.





