Жуырда Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U23 Азия чемпионаты өтті. Жерлесіміз Ұлжан Сәрсенбек – 57 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғады. Осы чемпионатта айырықша көзге түсіп, ел қоржынына күміс медаль салды.

Ширек финалда Ұлжан жапондық боксшы Рико Ямаданы айқын басымдықпен (5:0 есебімен) тізе бүктіріп, жарыстың медаліне алғашқы қадам жасады. Финалдық жекпе-жекте алтын жүлде үшін өткен тартысты бәсекеде Өзбекстан өкілімен кездесті. Төрешілердің шешімімен Ұлжан турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Ұлжан жас болғанына қарамастан, халықаралық аренада үлкен тәжірибе жинақтап үлгерген боксшы. 2023 жылы жастар арасындағы Әлем чемпионатында топ жарып, алтыннан алқа тақты.

Ұлжан Сәрсенбек қазіргі уақытта ұлттық құраманың басты екпінді күштерінің бірі саналады және алдағы ересектер арасындағы Азиада мен әлемдік додаларда ел намысын қорғайтын негізгі үміткерлердің қатарында.

Жерлесімізге әрдайым жеңіс тілейміз.

«Өскен өңір» – ақпарат.