Ел Тәуелсiздiгiнiң 28 жылдығы мерекесiнде бiр топ жерлестерiмiз мемлекеттiк наградаларға ие болды.
Солардың арасында даңқты спортшы, Түркiстан облыстық №4 олимпиада резервiнiң мамандан-дырылған балалар-жасөспiрiмдер спорт мектебiнiң директоры Арман Қарсыбаев Қазақстан Республика-сының Президентi Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденiмен марапатталды.
Арман Романұлының ауданда армрестлинг спортының негiзiн салып, оны әлемдiк деңгейге көтерудегi жанкештi еңбегi елдiң көз алдында өтiп келедi. Бүгiнгi таңға дейiн спорттың қол күрес түрiнен 48 әлем чемпионын баптап шығарған бiлiктi бапкердiң есiмi жұртшылыққа кеңiнен таныс. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлiмiн 12 жыл жемiстi басқарған Арман Қарсыбаев Шардара топырағында тұңғыш рет облыстық спорт мектебiнiң ашылуына да ұйытқы болып отыр. Бүгiнгi таңда облыстық №4 олимпиада резервiнiң мамандандырылған балалар-жасөспiрiмдер спорт мектебiнде жаттығатын шардаралық өрендер армрестлинг спортынан басқа кiр тасын көтеруден де бiрнеше рет әлем чемпионы атанып үлгердi. Сондай-ақ, облыстық спорт мектебiнде найза және ядро лақтыру алаңшалары, таэквондо, ауыр атлетика, қазақша күрес және басқа да спорт залдары iске қосылып, болашақ чемпиондар тәрбиеленiп келедi. Бiр сөзбен қайырғанда, Президент Жарлығымен берiлген «Құрмет» орденi Арман Романұлына спорт саласын дамытудағы ерен еңбегiне жасалған лайықты марапат болды десек жарасады.
Президент Жарлығымен тағы да «Шардара су электр стансасы» АҚ-ның слесарi Ержан Сәлiмбаев «Еңбек Даңқы» орденiмен, белгiлi кәсiпкер, аудандық мәслихаттың депутаты, Алатау батыр ауылындағы «Сая» фермерлiк қожалығының төрағасы Ержан Қарабаев «Ерен еңбегi үшiн» медалiмен, Көксу ауылындағы «Гапан» шаруа қожалығының төрағасы Садық Әуелбеков, «Шардара су электр стансасы» АҚ-ның аккумуляторщигi Сұлтанбек Құнанбаев, №49 сайлау округiнен сайланған Түркiстан облыстық мәслихатының депутаты Рабиға Қуатбекова Қазақстан Республика-сының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Марапат құтты болсын, жерлестер!
«Өскен өңiр»-ақпарат.