Ауданымыздың он бес  бірдей оқушысы мұғалімдерінің сапалы білімі мен өздерінің тынымсыз еңбегінің арқасында «Елбасы медаліне» ие болды. Білімге құштар жандарды апта барысында аудан әкімінің орынбасары Н.Сапаров арнайы қабылдап, оларды құттықтап, аудан әкімінің атынан Алғыс хаттар табыстады.

«Елбасы медалі» жобасының «El umiti» бастамасын іске асыру аясында елiмiзде талантты жастарды қолдауға бағытталған «Елбасы медалi» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. «Елбасы медалi» жобасының мақсаты – әрбiр қатысушы үшiн оның жасына, тұрғылықты жерiне қарамастан білім беру, шығармашылық, мәдени және өзге де қабiлеттерi мен дарынын кеңейту үшiн жағдай жасау. Сондай-ақ, бағдарлама әрбiр қатысушы өз бейiмдiлiгiн таба алатындай, өзiн-өзi бағалай алатындай, өз iсiнiң үздігі, өз саласында көшбасшы, дербес тұлға бола алатындай және оған айналасындағыларды үйрету мүмкiндiгi беретін дәрежеде әзірленген.

«Елбасы медалi» – жастарды кешендi дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегi жалғыз бағдарлама. Бағдарлама 7 негiзгi бағыттан тұрады: спорт, дарын мен дағды, кiтап оқу, ұлттық мұра, волонтерлiк, экспедициялар мен жорықтар және еңбек практикасы. Бағдарлама 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.