Ардақты замандас, Сiз бен бiз Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының барша адам баласының өмiрiнен алар орнын, яғни, тiрлiктi мейлiнше мәндi ете түсер игi әсерiн тап басып сезiне алдық па, осы!?

Бес күндiк бұл дүниенiң ғажайып сыны мен ғаламат сыны маңдайына жазылған барша жұрт бiлетiн шындық әзiрге мынау: Абай ұлы даланың ұлы ақыны. Мемлекетiмiздiң басшысы Қ.К. Тоқаев өзiнiң «Абай және ХХI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдiк деңгейдегi кемеңгер. Ол күллi адамзат баласына ақыл-ойдың жемiсiн сыйлады... Бiз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бiр ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпiн беретiн iс-шара ретiнде зор мән берiп отырмыз» - деп, хәкiм Абайды ұлы ақын ғана емес, сонымен қатар ұлы қайраткер ретiнде де пайымдатады.

Демек, әрқайсымыз әуелi Абайды оқып, Абайға құлақ асайық... Сiз ендi аңдаған шығарсыз, замандас, жалпақ жұрттың бар бiлетiнi ақын өмiрi мен асыл мұрасының бiр қыры ғана екен... Ал шындығында, Ибраһим Құнанбайұлы ұлы ақын болуымен қатар туған қазағына ғана емес, барша «адамның баласы – бауырына» қараңғыда жол сiлтер Жарық сәуле – ұлы даланың ұлы қайраткерi. Халықтың «көзiн ғана емес, көкiрегiн ашу» үшiн Жаратушы тұтатқан ақиқат ұшқыны. Олай болса, бiз бүгiн, қадiрлi замандас, бұрын ақын елiне жолы түспеген Сiзге  ұлы Абайдың алақанының табы, табанының iзi қалған қасиеттi мекен, киелi орындарды таныстырамыз.

Абай сәулесi.

Абай (Ибраһим) Құнанбаев! Сiз бiлсеңiз керек, көкiрегiне ақиқат ұшқынын қондырғысы, Абай сәулесiмен жүрегiн нұрландырғысы келiп, Жарыққа талпынған жан бұрын да, қазiр де көп, ертең де оның қарасы қалың болары анық. Олардың бәрi халқымыздың рухани меккесi –  Абай елiн, ұлы ақынның туған жерiн көрудi, поэзия патшасына мiнәжат етудi өздерiне адамдық зор парыз санайды. Тiптi, Жидебайда бұрын болып жүрсе де, киелi мекенге жылына ат басын тым құрыса бiр бұрғысы кеп тұратын ағайын баршылық. Елбасы өзiнiң «Ұлы даланың жетi қыры» тарихи-танымдық еңбегiнде ерекше ардақ тұтатын ұлы тұлғалардың бiрi де тағы Абай! 

Ерекше ықылас

Алты алашпен бiрге ғасырдан ғасырға асып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасар құдiреттi сезiм! Туған жердiң төрт қиырынан, iргедегi Ресей мен Қытайды былай қойғанда, алыс-жақын шетелден арнайы iздеп келетiн адам легi мұнда үзiлмейдi. Олар ұлылардың мәңгiлiк мекенi – киелi топыраққа жүректерi толқи отырып, тебiрене қадам басады. Ұлы даланың данышпан ұлдарының әруағына тағзым жасайды, өмiр сапарындағы өздерiнiң бiр парыздарын өтегендей мерейлерi өсiп, ақын шырақшыларына разы көңiлмен аттанады. 

Жүрегiн тыңдағандар

Қайрат пен ақылды Жүрекке жүгiнткендер (Абай). Сiз түсiнесiз ғой, олардың iздегенi Абай... ұлы ақынның рухынан тiрлiк талқысында таяныш тапқысы, тiптi рухани жалғыздықтан жандарына араша сұрағысы келедi. Жидебайға жолы түскендер, Абайдан басқа ештеңеге алаңдамайды, жоқ пен барды түгендеп, тiнткiлемейдi. Қайта керiсiнше, киелi мекенде аса терең iлтипатпен тебiренедi. Сосын, әрине, ақын шырақшыларының  қызметте қалт кеткен тұстарын да көрмейдi немесе көргiлерi де келмейдi. Олар, ұлы ақынның табанының iзi қалған қасиеттi топыраққа қадам басқандарына жандары желбiреп, жүректерi шаттанады.

Абайға асыққандар

Сiз байқайсыз ба, ақын шырақшыларын келушiлердiң қатал сынынан арашалап алатын да ұлы тұлғаларымызға деген терең сүйiспеншiлiк сезiмi. Сұқ көз бен сұғанақ сөзден аталарымыздың асыл қасиетi әрқашан қалқан болуда. Рас, ұлылар мекенiнде, тiптi, кейбiр кiрпi мiнездiлер де инелерiн iштерiне бүгiп, қасиеттi мекеннiң киесiнен қорқады. Әйтпесе, рух мәртебесi – Жидебайда әлi де ажарын аша түсiп, оның iшкi мол қуатына сыртқы сән-сәулетiн жарастыра атқарар шаруа жетерлiк. Алайда Жаратушының назары түскен құтты қонысты жайлаған ақын шырақшыларының өз мiндеттерiне сергек қарайтынын көрмеу де әдiлетке қиянат болар едi.

Шыңғыстау – ақындық пен адамдық төрi!

Ал Абайға қызмет ету – алты алашқа қызмет жасау. Осыдан артық ардақты мiндет бар ма?! Абайдың музей-үйi, «Шәкәрiмнiң саят қорасы» музейi, Абай-Шәкiрiм кесенелер кешенi, Би ата (Кеңгiрбай би) кешенi және Зере-Ұлжан мазары мен басқа да жиырмаға жуық тарихи орындар мен ескерткiштер сыр шертетiн 6.400 гектар  Жидебай қорық аумағы да осындағы шырақшы жиырма азаматтың жауапкершiлiгiнде. Бұған Абай қыстауынан елу шақырым жердегi Көкбай Жанатайұлының мазары мен музейiнiң де жаңағы Абай шырақшыларының мойнында екенiн қоссақ, жауапкершiлiк жүгi одан бетер салмақтала түседi.

Аса жауапты да абыройлы мiндет

Сiз бiлесiз бе, сырт көз, былайғы жұрт бұдан, әрине бейхабар. Бұрын болмаған соң, келiп көрмегеннен кейiн кiнә жоқ, әлбетте. Бiрақ өкiнiшке қарай, Абайды жалғыз өзi ғана ардақ тұтатын секiлдi күпiнiп, барды белiнен басып, көз алдындағыны көрмей, Жидебайдан «жүдеп» қайтатындар да бар. Олар Абайды жекеменшiктеп, шаруаның мәнiсiне бармай жатып-ақ, алдын ала кесiп-пiшiп, жеке бастың өкпесiмен сын семсерiн сiлтеуге бiлек сыбанып келедi. Ондай бiрен-саран пенде әлi де болса, өздерiнiң өзiмшiл өктемдiгiн сезiнсе керек.

Тәкаппарлық.

Өзiнен басқаның еңбегiн ескерiп, барын бағаламайтын өзiмшiлдiк. Олар Абайға табынып қана қоймай, ұлы ақын мұрасын жанын сала қорғайтындардың көп екенiн көрмейтiн мұнафықтар. Тiптi, «Абай жолын» егемен заманда еркiн санамен тым құрыса бiр қайтара оқып шықпай-ақ, ғұлама Әуезовтiң мұрасынан мiн iздеп, бесенеден белгiлi «тап күресiнiң көлеңкесiмен» алысатындар да солар. Сiз ондайлардың «сыбағамызды» сұратпай-ақ үйiп, төге салуға тым жомарт екенiн бiлсеңiз керек. Демек, бiздiң бұл әңгiмемiз оларға емес, Абай елiне асыққан ардақты замандас, Сiзге арналады. Бiз бүгiнгi әңгiме тиегiн ақын шаңырағына бұрын жолы түсе қоймаған замандасқа, әсiресе жас өскiн – келешекке арнап ағытып отырмыз.    Абай сөзiне, шiркiн ертерек зейiн қойсақ, қандай!? Жалпы, бiз қазiр қолға алып жатқан көп бастаманың дәйектемесiн басқа жақтан iздеудiң қажетi жоқ. Бәрiн де Абайдан табасың (Н. Назарбаев), Абай – телегей теңiз ғой, содан қасықтап пайдалансақ та сарқылмас қазына (М. Әуезов). Олай болса, Абай елiне сапар шегуге жиналған замандасқа ұлы ақын туралы, оның ақындық және өнер айналасы мен өскен ортасы жайында аз-маз мағлұмат берген ләзiм.

Асыл мұра.

Сiздi сапарға шақырған Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейi ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрiм мен ғұлама Әуезовтiң өлмейтұғын қазынасы терең де тағылымды сыр бүккен киелi мекен.

Абай үйi.

Сiзге, Абайдың «Жидебай-Бөрiлi» мемлекеттiк қорық-музейiнiң қанатының астындағы сегiз отаудың әрқайсысының-ақ ұлы даланың ұлы тұлғасының өмiрi мен шығармашылығы және Абайдың ақындық мектебi өкiлдерiнiң бай мұрасы жайында айтар сөзi мен аманат етер қазынасы мол. Олай болса, Абай шаңырағына бұған дейiн жолы түспеген замандасқа айтар Алғы сөздi неден бастағанымыз жөн, асыл мұрамен алғаш жүздескен жанға әуелi қалайша дұрыс жол сiлтеп, оның қандай мағлұматқа алғаш қаныққаны абзал?   

Алғы сөз.

Тегiнде, ұлы Абайды бұл iргелi әңгiмеден аулақ адамға егжей-тегжейлi түсiндiрiп, оның терең сырына қанықтырмақ болу, Сiз дұрыс түсiнесiз ғой, бос әурешiлiк. Бұл басқаша айтқанда, асығыс жолаушыны жолдан бөгеп, шырайлы әңгiмеге тартқандай әбес әрекет. Ол тек ұялғанынан ғана басын шұлғығаны болмаса, ештеңе ұға қоймайды... «қайран сөзiм қор болған». Ал кейбiреу жол-жөнекей сөздi арқаланып, барған жерiнде аз-маз естiгенiн «өзiм бiлемге» салып, Абайдың жарларының есiмдерiн аналарының есiмдерiмен шатыстырып-ақ ұятқа қалады. Олай болса, Алғы сөздiң алтын жүлгесi қайсы?!             

Әңгiме желiсi...Абай және ақын мұрасы туралы сөзiмiздiң шумағын қалай тарқатсақ қонымды?.. Сiзге, сiз секiлдi жаңа танысқан барша замандасқа алғы сөздi неден бастап, қалай өрiстетсек жұғымды болады?.. Көңiлдегi осы қиын сауалдың жауабы оңай табылды. Ол – Абай музейiнiң Семейдегi бас шаңырағындағы  «iзеттi, бiрақ асығыс», «асығыс, бiрақ Семейге келе тұра Абай шаңырағына бас сұқпады» деген секiлдi көз бен сөзден ығатын  ресми қонаққа арналған экскурсиялық таныстырылым орамы.

Бұл жүздесу – «Абай дәуiрiнен» бастау алып, Хәкiмнiң ақындық айналасымен жалғасып, Абайтанумен өрiлiп, Шәкәрiм мен Әуезов мұрасымен сабақтаса келе «Абай арманымен» түйiнделедi. Яғни, бұл экскурсия орамын қолда бар асыл мұраның ең бiр жинақты жерi, Абай өмiрi мен шығармашылығының өзiндiк бiр беташары десе артық емес. 

Сонымен... Сiз байқаған боларсыз, әсiлi, бiз өз әңгiмемiздi «Ақиқат» деп ауызымызды ашқанда-ақ бастап жiбергенбiз. Олай болса, әлхисса сөзiмiздi одан әрi нақтылай түссек, музей экспозициясының ең бiрiншi бөлiмi – «Абай дәуiрiне» қадам басқан сәтте   Сiздiң көз алдыңыздан ашылған ұлылар мекенiнiң картасы – Абайдың атамекен, туған жерiнiң бағыт-бағдары. Сiз рухына тәу етiп келiп тұрған ақын шаңырағы орналасқан Семей сонау он тоғызыншы ғасырдағы бiлiм мен мәдениеттiң ордасы, киелi жерге сапардың бастауы. Бодандық бұғауындағы елдiң бiр пұшпағы едi ол кезiнде. Қараңғылық қапасынан жол iздеген алаш арыстарының еркiндiк пен бостандық рухына толы мекен. Қаладағы бас мұражай, сонымен қатар, ұлы ақынның алақанының табы бар қасиеттi шаңырақ. Абайды қастер тұтқан зиялы қауым өкiлдерiнiң бiрi – ХIХ ғасырдағы орыс көпесiнiң үйi екен.

Қилы кезең.

Ойсыз жанға оңайырақ-ау өмiр сүрген (Абай). Бiзге, ең алдымен, Ұлы ақын өмiр сүрген дәуiрдiң тыныс-тiршiлiгiнен хабардар болмайынша, ақын мұрасын байыптай алу екiталай (М. Әуезов). Барша қазақпен бiрге Ырғызбай ұрпақтары да отарлық бұғаудың азабын аямай тартты. Бiрақ алдағы заманның қазаққа қасiрет әкеле жатқанын ұлттың Абай секiлдi бiртуар тұлғалары ғана көре алды. Ұлы ақын У iшкендей мең-зең қалыпта, сырты – бүтiн, iшi толған дерт болатын. Қараңғылық пен надандық данышпанның жүрегiн сыздатса, отаршыл империяның тақ сондай ұрдажық, ноқай әрекетi одан бетер жанына батады.Сонда ел-жұртқа көмектесудiң амалы қайсы? Құлдықта қаталаған халыққа қайтсе ауызына су тамызып, дәтке қуат етерлiктей селбесуге болады?! Ақынның төрт мәрте болыс, екi рет би болып, ақ патшаның заңдарын ұлттық болмысқа жақындату үшiн Қарамола және Көктұма ержелерiн жазуы немесе оларға ұсыныс беруi де қиын заманда қандастарына қарлығаш қанатымен су сепкендей хәл. Бұған, айталық, «Қарамола» ержесiндегi ұлы ақын енгiзген «күйеуi өлген әйел адамның, әмеңгерi болмаған жағдайда бұрынғыдай екiншi рет сатылуына» тыйым салатын, «барымташы ұсталған күнде, оның шығынын бұрынғыдай туыстары емес, оған ат берген, қолдау көрсеткен адамның есебiнен өндiру туралы» қабылданған нақты баптар дәлел.  

Сiздiң назарыңызға келесi кезекте ұсынылатын Абай шежiресiндегi  ұрпақтардың әр буынының байдың, қажының, яғни, «тап жауының ұрпағы» ретiнде көрмеген қорлығы жоқ.

«Бiзден бұрынырақ өмiр сүрген аға буын бақыттырақ екен» (Құнанбай) деп тебiренедi Абайдың әкелерi. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман,/ Үмiттi сәуле етiп көз көп қадалған» бұл Абайдың өз сыры. Ақын ұрпақтары кiнәсiзден кiнәсiз жапа шегiп, запыран iштi. Мәселен, «Турағұл Абайұлында 5-10 қара, 30-40 қой-ешкi бар екен. Бұл сол кездегi өлшем бойынша, тiптi орташа дәулеттiнiң санатына да жатпайды... Абай атамыздың асыл көзi Турағұл 1934 жылдың 6 наурызында 59 жасында қайтыс болып, кейiн Шымкентте зауыт салынғанда зираты соның астында қалады» (Б. Ерсәлiмов «Құнанбайдың қуғын-сүргiн көрген ұрпақтары», Семей, 2005 ж., 23-бет).

Аяусыз тағдыр.

Ерiксiзден ерiксiз өздерiне өздерi қол жұмсауға барғандары да болды. Шәкәрiм... жары Айғаншадан Ғафур, Қабыш, Ахат, Зият деген төрт ұл мен Жәкiш, Гүлнар есiмдi екi қызы болған. Бұлардың үлкенi Ғафур мен оның ұлы Баязит отызыншы жылдардағы ел басына күн туған шақта қорлыққа шыдай алмай, өздерiне өздерi қол жұмсайды. Ал Қабыш болса, сол жылдары аштықтан көз жұмған. Қажының кенже ұлы Зият сол ашаршылық жылдары Шыңғыстау көтерiлiсi бұрқ ете қалғанда бiрер серiктерiмен Қытай асып кеткен.          

Музейдегi Абай дәуiрi туралы әңгiме одан әрi – «Шәкәрiм», «Абайдың ақындық айналасы», «Абайтану», «Абай арманы» жайында сабақталады.  Шәкәрiмнiң қазiр қолда бар үш суретiмен де осында таныса аласыздар. Олар кемеңгердiң ақындықпен қатар саятшылық, бес саусағынан өнер тамған шеберлiк және қоғам iсiне араласқан қайраткерлiк еңбегiнен жан-жақты мағлұмат бередi. Ал мына чемоданға 1961 жылы Шәкәрiм қажының сүйегi салынған екен. Оған Ахат Құдайбердиев әкесiнiң Құрқұдықтан аршып алған  сүйегiн бөлеп, Бақанастан Жидебайға әкелгенi мәлiм. Чемоданның ұзындығы – 72 см, енi – 46 cм, iшкi жағында «Ленинград, 1952» деген жазуы бар. Қарауылда тұрған Кенжетiлеу Доланбеков үйiнiң мүлкi. Оны Абай мүзейiне 2017 жылы Айдар Доланбеков тапсырған.

Абайдың ақындық мектебiнiң Шәкәрiм бастатқан шәкiрттерi тағы кiмдер едi?..

Абайдың тұңғышы Ақылбай, ұлдары Мағауия мен Турағұл, немересi Әубәкiр Ақылбайұлы, ең адал досы Көкбай, шәкiрттерi Әрiп пен Әсет. Демек, Абайтанудың асқан бiлгiрi Қайым Мұхамедхановтың рухына тағзым етер кез келдi.  Әуезовтiң тапсыруымен Абайдың  ақындық айналасын iзерлей зерттеп, алғыс естудiң орнына Қайым аға адасқан қоғамда қуғын-сүргiн көрiп, жазықсыздан жазықсыз  25 жылға сотталып, түрме қапасының зардабын тартты. Бұдан соң, өзiнiң музей қорындағы хатында «АН-2» самолетiнiң iшiн ұжмаққа теңеуiне таңдануға да болмас.

Ал Абайды тану алаш арыстары Әлихан Бөкейханмен басталып, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мiржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыровтармен жалғаса келiп, қазақ әдебиетiндегi жаңа сала, Абайтану iлiмiнiң арқатiрегi – ғұлама Мұхтар Әуезовке жол ашары түсiнiктi. Сондықтан ұлы ақынның өмiрi мен шығармашылығын танып, бiлу кезеңдерiнiң Мұхтар Омарханұлының есiмiмен үкiленуi де заңды болса керек. Жиырма жасында Ойқұдықта Қазақ театрының кiндiгiн «Еңлiк-Кебек» спектаклiмен кескен де, «Татьянаның қырдағы әнiмен» болашақ «Абай жолына» қадам басып, оны жаһанға танытқан да, «Абай Құнанбаев» секiлдi монография жазған да басқа емес, әлемнiң Әуезовi! Абай қазiр дүние жүзiне танылды. Елбасы осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын, егемендiгiмiздiң елең-алаң шағында, ұлы ақыннның 150 жылдық салтанатында Абай туралы «Жан иесi жарыққа талпынбай тұра алмайды... халқына қамқор, ұлтына жанашыр болам деп жүрiп, күллi адамзатқа мейiрбан гуманистiк өреге көтерiлдi» - деп атап көрсетiп, мерейтойдың әлемдiк деңгейде атап өтiлуiне тiкелей қамқор болса, одан кейiн де Семейге жолы түскен сайын ақын рухына тағзым етумен келедi (Н.Назарбаев «Абай туралы сөз»). Республика Президентi осыдан екi жыл бұрын алты алашты зор серпiлiс туғызған еңбегiнде «Абайдың даналығы, Мұхтардың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлерi – бұлар бабалар үнiнiң бiр парасы» – деп ұлылар рухына бас иiп, (Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан), «Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегiн мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелдi» - деп зор мақтан етедi («Ұлы даланың жетi қыры» мақаласынан).

Суретте: Көкбай жанатайұлының музейі

Суретте: Шәкір Әбенұлының музей-үйі, Құндызды ауылы.

Суретте: Абайдың Жидебайдағы музейі.

Бүгiнгi тәуелсiз Қазақ елi де, Ұлы Абайдың және барша ата-бабаларымыздың аңсаған арманы болатын. Елбасы Абай шаңырағына сыйға тартқан «Тағзым» кiтабына «Абай мұражайы құтты болсын! Абай арманы орындалып, елiмiз бақытқа жетсiн!» деп естелiк қалдырған екен. Сондықтан Абай шаңырағының түйiндi сөзiнiң айтылар тұсы  да осы «Абай арманы» экспозициялық көрме залы.  Абай туралы әңгiме, әлбетте таусылмақ емес. Ал бiз соның Алғы сөзiн ғана айттық. Сiздердiң Абай мұрасымен жүздескендерiңiзге әрқашан қуаныштымыз. Абайды оқыңыздар, хәкiм Абай сөзiне құлақ салыңыздар, жан иесiнiң Жарыққа – Абай сәулесiне талпынуы адамдық парыз.

Болат Жүнiсбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi.