1 мамыр – Қазақстан халқының бiрлiгi күнi!
Шардара қаласында тұратын Фарух Исламов ағамыздың ұлты әзiрбайжан.
Алайда жергiлiктi тұрғындар бұл ағамызды баяғыдан өздерiне бауыр санап кеткен. Фарух ағаның өзi де «менiң руым найман», – дейдi әзiл-шынын араластырып. Бұны бекерге айтпайды, жаны бар сөз. Комсомолдық жолдамамен сонау 70-шi жылдары Баку қаласынан құрылысы қайнап жатқан Қызылқұм өңiрiне келгенде жiгiт ағасы болып қалған Камал Халбаев есiмдi азаматпен жақын араласыпты. Әкесiнен үлкен осы ағамыз әлi үйленiп үлгермеген әзiрбайжан жiгiтiн үйiне жиi-жиi тамаққа шақырып, қарайласып тұратын көрiнедi.
– Камал ағамыз қаладағы автобазада «водовоз» көлiгiн жүргiзетiн едi. Тура жүрiп, тура сөйлейтiн кiсi болғандықтан ұжымдағылар ол кiсiнi құрмет тұтатын. Әйтеуiр маған ықыласы ауып, сол кiсiмен терең сыйласып кеттiк. Не керек, қазақтың салты бойынша жiлiк ұстасып, менi өзiне бала қылып алды. Камал ағаның отбасында он бала-шаға бар. Олардың бәрi менi аға деп өстi. Той-томалағымызда бiрге болып, бiрiмiздi бiрiмiз құдалығымызға ертiп жүретiн дәрежеге жеттiк. Бүгiнде ағамыз да, жеңгемiз де о дүниелiк болып кеттi. Бiрақ ол үйдегi iнi-қарын-дастарыммен ыстық сыйластығымыз үзiлген емес. Ендi олар әкелерiнiң орнына менi ертiп жүредi. Ағамның руы найман болғандықтан мен де өзiмдi найманмын деймiн, – дейдi Фарух Ахмедьяоғлы.
Фарух Исламовтың Шардарадағы алғашқы еңбек жолы бұрынғы «Комсомол» кеңшарында басталды. №22 жылжымалы мехколоннада тас қалаушы болып жұмыс iстеп, ауылдағы тұрғын үйлер мен басқа да әлеуметтiк нысандардың құрылысында алақанының iзiн қалдырды. Бiраз жылдан кейiн механик, одан бас механик болып көтерiлдi. Өзiнiң тiрлiгiне мығым жiгiт партия қатарына да өтiп алды.
– Алғаш еңбек жолым басталған құрылыс мекемесiнде бастауыш партия ұйымына жетекшiлiк жасайтын әрi бас механик болып қызмет атқаратын Бұхарбай Әдiлханов есiмдi азаматтың қамқорлығын көп көрдiм. Кейiннен аудан орталығындағы №1 Автобазаға ауысып келуiме де Бұхарбай ағаның көмегi тидi, – дейдi Фарух аға.
Автобазаға механик болып қызметке кiрген Фарух Исламов кейiннен колонна бастығы дәрежесiне көтерiлдi. Қарамағындағы 160 автокөлiк тiршiлiгi қызып жатқан нысандарға тоқтаусыз қызмет көрсететiн. Осылайша Қызылқұм массивiн игеруге өз үлесiн қосып, жастық жалынын жаңа шаһардың бой көтеруiне арнағанына Фарух ағамыздың кеудесiн мақтаныш кернейдi. «Бейнет түбi – зейнет» демекшi, өзiң тер төгiп, түлеткен өлкеде ғұмыр кешу де бiр бақыт болса керек.
Фарух ағамыз кейiннен автобаза өз жұмысын тоқтатқан соң иелiгiндегi «Камаз» автокөлiгiмен жеке кәсiппен шұғылданды.
Бүгiнде әкесiнiң жолын баласы Елхан бауырымыз жалғастырып, Ресей мен Қазақстанның арасын жақындатып жүрген жайы бар. Қаладағы кәсiптiк-техникалық училищенi жүргiзушiлiк мамандығы бойынша бiтiрiп шыққан Елхан 20 жылдан берi «Камаз» автокөлiгiнiң рөлiнде отырып келедi. Оңтүстiк диқандарының өнiмдерiн алып, Ресейдiң қалалары мен өзiмiздiң солтүстiк облыстарды аралап қайтады. Әке ұлағатымен адал жүрiп, өз мiндетiн ұқыптылықпен атқаратын Елхан Фарухұлы жас та болса көргенi мол азамат. Қазақ балаларымен құлын-тайдай тебiсiп өскендiктен, қай жердiң қазағы болса тiл табысып кете бередi. Бiрақ кейбiр ағайындардың өз тiлiнде сөйлемей, орысша шүлдiрлеп тұрғандарына кәдiмгiдей намыстанады.
– Қостанайда базарда қауын-қарбыз өткiзiп тұрсам, өзiмiздiң қазақ бауырлар келiп орысша сөйлейдi. Мен оларға қазақша жауап қайтарам. «По русский скажите, я вас не понимаю» дейдi. «Мен де орысша бiлмеймiн» деп әдейi қырсығам. Түрiм басқа ұлт екенi сақал-мұртымнан көрiнiп тұр ғой. «Ух ты, на казахском хорошо говорите» деп таңғалады. Ендi осы жерде туып-өскен соң қазақтың тiлiн бiлiп, құрметтеу керек деп қанша адамға айтып келе жатырмын. Қазақтай бауырмашыл, жанашыр халық кемде-кем. Былтырғы жылы қыста Жезқазғанға жүк артып бара жатып, жолда көлiк бұзылып, бiрнеше күн тұрып қалдым. Жанымнан өтiп бара жатқан қандай көлiк болса да мiндеттi түрде тоқтап, ас-суын, керектi құрал-сайманын берiп, жәрдем берiп кетiп жатты. Қандай заман болса да қазақ бауырлардың пейiлi өзгермейдi, – дейдi Елхан.
Фарух аға көршi Сарыағаш ауданының тумасы Айымхан Iзетқызымен шаңырақ көтерiп, Фархад, Елхан, Лола атты перзенттердi тәрбиелеп өсiрдi. Жастайынан спортқа бейiм болып өскен Фархадтың өмiрi қысқа болды. Оның артында Манзура есiмдi жары мен Асылан есiмдi ұлы қалды. Екiншi ұлдары Елхан Марджиня Алладинқызымен отау құрды. Ол екеуi Ислам, Арзу, Фатима, Эльназ есiмдi ұл-қыздар сүйiп, көпбалалы отбасы санын көбейтiп отыр. Үйдiң кенжесi Лола қарындасымыз ендi тұрмысқа шығады. Әке-шешенiң берген тәлiмдi тәрбиесiнiң арқасында бұл жанұяның ұл-қыздары татулық пен бiрлiктi нық ұстап, өзгелерге үлгi-өнеге көрсетiп келедi.
Елiмiз Тәуелсiздiк алғаннан кейiн көптеген этнос өкiлдерi тарихи отандарына қайтып жатқанда бұл шаңырақ Шардарада тұрақтап қалды.
– Бакуде ағайын-туғандар бар, араласып тұрамыз. Бiрақ Шардараға жететiн жер жоқ. Осы қаладағы өзiм қатарлы адамдардың бәрiн танимын десем де болады. Себебi Қызылқұм тыңын игеруде бәрiмiз де бiр үйдiң баласындай болып еңбек етiп, тату-тәттi ғұмыр кештiк. Осы өңiрге әбден үйрендiк, басқа жерде мұндағыдай ыстық пейiлдi адамдар жоқ, – дейдi Фарух Ахмедьяоғлы.
Десе дегендей, көршi-қолаңдары мен дос-жарандары Фарух аға мен оның перзенттерi туралы тек жақсы пiкiрлерiн айтады. Елханмен бiрге өскен азаматтың бiрi, аудандық мәслихатта заң бөлiмiне басшылық жасайтын Аман Алтынбеков:
– Бұл досымның орны бөлек. Бойында ежелден-ақ мәрттiк пен жүректiлiк, сөзде тұру, жолдасқа адалдық деген қасиеттер тұнып тұр. Бала кезден тонның iшкi бауындай араласып кеттiк. Бiздiң тiлiмiзге де, салт-дәстүрiмiзге де жетiк. Алайда отбасында өздерiнiң болмыс-бiтiмiн жоғалтпай сақтап отыр. Ұлттық құндылықтарын көздiң қарашығындай қорғай бiлетiн мұндай азаматтар некен-саяқ, – дейдi.
Осыдан бiрер жыл бұрын Лола Фарухқызы осы «Өскен өңiрде» жол картасы бойынша жұмыс iстегенi бар. Әрiптес аға-әпкелерi Лоланың пысықтығын, қандай тапсырма болсын тап-тұйнақтай етiп орындайтын тындырымды мiнезiн әлi күнге ауыздарынан тастамай айтып отырады.
Халқымызда «Жақсы адамға қай жерде де бiр кiсiлiк орын бар» деген сөз бар. Осы бiр аталы сөз Фарух ағамызға қарата айтылған сияқты. Иә, ол кiсiге барлық жерде төрден орын бұйыратынына сенiмiмiз кәмiл.
К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГI.