Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтарға ауыл шаруашылығының егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту, су үнемдейтін технологияны көптеп ауқымды түрде енгізу қажеттілігі және суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жөнінде тапсырма берген болатын.

Осы бағытта аудан әкім Арман Қарсыбаев ауданда тамшылатып суғару әдісімен 370 гектар күнбағыс өсіріп жатқан «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруақожалығымен танысты. Ондағы жұмыстарды қарап, диқандардың өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан жасалатын қолдауларды түсіндіріп, аудандағы ауыл шаруашылығы саласын заманауи түрде дамыту керектігін жеткізді.

Жаушықұм ауылындағы «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруақожалығы Түркиялық инвесторлармен бірге, 500 гектар егістік алқабын игеріп отыр. Биыл 370 гектарына күнбағыс егіп, оны тамшылатып суғару әдісімен өсіруде.Бұдан бөлек,шаруақожалық басшылығы 100 гектардан астам аумаққа картоп егуді жоспарлап отыр.

Шаруақожалық 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса,жұмыс ауқымына байланысты 20-30 адамға қосымша жұмыс жасатып отыр. Мұнда 23 ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істейді. Күнбағыс өнімін ҚХР, Түркия, Әзірбайжан елдері мен ішкі нарыққа өткізуді жоспарлап отыр.

«Алдағы  уақытта  мемлекеттің  қолдауы  аясында шаруақожалықты дамытып,зауыт ашуға да ниеттіміз. Бұл тамшылатып сурару дүниежүзі бойынша су тапшылығының алдын алатын және өнімділікті көбейтетін әдіс деп білемін»- дейді шаруақожалық өкілі Оразалы Шыршықбаев.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.