Аптаның сәрсенбісінде Шардара аудандық прокуратура саласында өзгерістер болды.

Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың төрағалығымен өткен жиында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Досымхан Айтишев көпшілікке жаңа прокурорды таныстырды. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен Әділет кеңесшісі Әлі Алмас Ермекұлы (жеке суретте) Шардара ауданының прокуроры болып тағайындалды. Ал, 5 жыл бойына аудан прокуроры қызметін жемісті атқарған Әділет кеңесшісі Руслан Әбдірайымов Қазығұрт ауданының прокуроры қызметіне кірісетін болды.

Өз кезегінде сөз алған Руслан Әлжанұлы аймақтағы саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау жолында бірлесе еңбек еткен аудан басшылығына, аудандық ардагерлер қауымына алғысын айтты. Жиында сөз алған аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков алғашқы жұмысын аудан ардагерлерінің ақ батасын алумен бастап, аға буын өкілдерімен ақылдаса отырып еңбек еткен Руслан Әбдірайымовтың іскерлік қасиеттерін атап өтті. 

Жиынды қорытқан аудан әкімі Арман Қарсыбаев  жаңа прокурордың қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен бірге, бес жыл бойы қызметтес болып, мәселелерді бірге шешкен Руслан Әбдірайымовке аудан халқының атынан алғыс сезімін жеткізді.

 Аудан әкімінің баспасөз қызметі.