Қазіргі кезде әлемде болып жатқан өзгерістерге сай білім беру саласына өзгерістер қарқынды еніп жатыр. Осы мақсатта көптеген елдерде жүргізілген білім реформаларының өзіндік тарихи аспектілері мен ерекшеліктері бар.
Қазіргі ақпараттар тасқыны кезінде кез келген жағдай ұзақ уақыт бойы өзгеріссіз тұруы мүмкін емес. Бұған қоса білім деңгейі әлем елдерінде әртүрлі. Мысалы, мәліметтерге қарасақ, Африка және Таяу Шығыс елдері оқушыларының бір пайызы ғана орташа немесе өте жақсы оқиды екен. Бұл елдер алға ұмтылмаса, осы орындарында қала бермек. Міне, осындай себептермен бүкіл әлемде, әсіресе жоғары дамыған елдерде білім беру реформалары үнемі жүріп жатыр.
Білім беру саласында алдыңғы орынға шығуымыз үшін бірінші педагог кадрларды іріктеп, олардың білім-білігін арттырып отыруымыз қажет. Сыни тұрғыдан ойлай білетін мұғалім ғана сыни тұрғыдан ойлаушы оқушыны «азықтандырады». Бұл заманауи тәсілдің ең негізгі ерекшелігі – оқушыға дайын ақпараттар беріп, оны қайта мазмұндауға үйрету емес, оқушының кез-келген ақпараттарды өздігінен түсініп, өңдеп қолдануына мүмкіндік тудыру және оқушылардың алған білімдерін жай ғана иеленіп қоймай, оларды орынды жерде қолдана білуіне басты назар аудару, ақпараттық технологияларда құзырлылық таныту болып табылады, ал 21 ғасырда талап етілетін дағдылардың мәні осында.
2012 жылдан бері арнайы мемлекеттік бағдарлама бойынша Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінен білікті мамандарды педагогикалық шеберлік орталығының шаңырағына жинап, біздің кәсіби іс-тәжірибемізді өзімізге зерттетіп, жетістіктер мен өз кемшіліктерімізді талдатып, өздерінің озық ойлы идеяларын біздің ұлттық менталитетке сәйкестендіруге, өз іс-тәжірибелеріндегі ұқсастықтары мен айырмашылықтарын айқындауға ұмтылыс білдіріп, алғашқы қадамдар жасалуда.
Бұл жақсы бастама республикамыздағы біз сияқты мектептерге кішкене де болса өзгеріс әкеп, оқушыларды оқуға тартуда, білім сапасын көтеруде, мұғалімнің кәсіби шеберлігін шыңдауына, болашақта тіпті мектеп құрылымының өзінің өзгеруіне әсер ететіні сөзсіз.
Қазіргі таңда біз әлі үйренудеміз, бақылап зерттеудеміз. Дегенмен де, біздің мұғалімдерден де білім берудің озық әдістемесін үйренетін күндер алыс емес. Бұл бәріміз бірлесіп атқарып жатқан жұмыстардың нәтижесінде жүзеге асатынына кәміл сенеміз.
Тілләгүл Абубакирова, №12 ЖББМ орыс тілі пәнінің мұғалімі.