МАМЫР ТАСЫБЕКОВТІҢ ӨМІР ЖОЛЫ ӨЗГЕЛЕРГЕ ӨНЕГЕ
Ұлы Отан соғысында жеткен жеңісіміздің 80 жылдығы қарсаңында соғыс және еңбек ардагері өмірінің он жылға жуық уақытын қан майданда өткерген, соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру жұмыстары кезінде аянбай еңбек еткен атамыз Тасыбеков Мамыр жайлы айтуды өзімнің перзенттік борышым деп білемін.
М.Тасыбеков 1939 жылы әскери борышын өтеуге аттанып, елге енді ораламын деп отырғанда 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Атамыз сол жерден елге оралмастан соғысқа аттанып кетеді. Алғашында жаяу әскер қатарында жүріп шайқасқа кіреді. Бұған дейін әскерде болып, әскери қимылдарды меңгеріп алған М.Тасыбеков командирі В.Кошенко, Валерий, Геннадий деген жауынгерлермен бірге барлауға шығып 4 неміс жауынгерін (біреуі командирі) қолға түсіреді. Екеуін тұтқынға алып, маңызды мәліметтерді штабқа жеткізеді. Ал екеуін қашуға әрекеттенгендіктен атып тастайды. Сол үшін жауынгерлерге Алғыс жарияланады.
Атамыз біраз уақыттан кейін қысқа мерзімді курсқа жіберіліп, соғысты танкист болып жалғастырады. «Соғыс барысында 4 танкті басқардым. Үш танк снаряд оғынан жарылса, төртінші танкпен соғысты аяқтадым» деп отыратын атамыз.
Соғыс кезіндегі жауынгерлердің басты мақсаты қасық қаны қалғанша Отанды ерлікпен қорғау болса, атамыз сол міндетті адал атқарып «Даңқ», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Польшаны азат еткені үшін», «Венгрияны азат еткені үшін» және де көптеген жауынгерлік медальдармен марапатталады. Атамыздың соғыс жылдарында даңқты қолбасшы Жуковтың мақтауына ие болып, қолбасшының қолынан марапат алуы да қан майдандағы өшпес ерлігінің белгісі іспетті.
Бірде Белоруссия майданын аралап жүрген даңқты қолбасшы атамызды саптан бір қадам алға шақырып: «Сенің атыңның орысша аудармасы Май екен, демек сен тек ерлік жасауға лайықсың, Молодец, Май! Жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындадыңдар!» – деп жігерлендірген екен.
Еліміздің шығыстағы шекарасын қорғау мақсатында атамыз 1945 жылы неміс-фашист басқыншыларын тізе бүктіргеннен кейін бірден шығысқа әскери қызметке жіберіледі. Атамыз әңгімесінде «Мен бір емес үш соғысты көрдім, алғашында Фин соғысын, одан кейін неміс-фашист басқыншыларымен болған соғысты, соңында шығыста Жапон соғысын көрдім. Ешқашан соғыс болмасын, соғыстың аты өшсін. Бейбіт күннің қадірін біліңдер» – деп айтып отыратын. Атамыз еліне, өз Отанына 1947 жылы он жылға жуық уақыттан соң ғана оралады.
Соғыс кезінде небір адам төзгісіз қиыншылықтарды көреді, бірнеше рет ауыр жараланады. Өмірге, туған Отанға, артында қалған жалғыз анасы мен ағайын-туыстарына деген сағыныш, солармен тірі қауышуға деген құштарлық атамыздың еліне аман-есен оралуына себеп болады. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде 16 жыл мақта өсірумен, 17 жыл ақ егіс егумен айналысып, мақтадан да, арпа-бидайдан да гектарынан мол өнім алып, ел алдында абыройға ие болды. Аянбай еткен еңбегінің нәтижесінде 1963 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысып, көрменің «Қола медалімен» марапатталады. 1968 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, кейінгі жылдарда «Ерен еңбегі үшін», тағы басқа да көптеген марапаттармен әспеттелді.
Сол сияқты еңбек жолында еліміздің елеулі азаматтары соғыс және еңбек ардагерлері, Кеңес Одағының батыры Сейітқасым Әшіров, Халық Қаһарманы Мәулен Қалмырзаевпен бірге ел экономикасын көтеру үшін тынымсыз еңбек етті, еліміздің өркендеп, өсуіне үлес қосты.
Атамыздың еңбегін өз Отаны ешқашан ұмытқан жоқ. Үкіметіміз бен Президентіміз әр жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында атамызға арнайы құттықтаулар, марапаттаулар, Алғыс хаттар жіберіп, бағалы сыйлықтармен құттықтап отырды.
Ешкім де, еш нәрсе де ешқашан ұмытылмайды. Аталар еңбегімен келген Жеңісті біз – ұрпақтары қастерлейміз, ешқашан да ұмытпаймыз, ұмытуға қақымыз да жоқ!
Күләш Көбекбаева, ардагер ұстаз.