Шардара ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай қол күресінен ауқымды іс-шара ұйымдастырылды.

Бұл шарада Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетіп, бүкіл әлемге әйгілі болып жүрген "Шардара Армспорт" клубының спортшылары Азия құрлығындағы мықты командалардың бірі Өзбекстан елінің қол күрес құрамасына қарсы жекпе-жекте ел намысын қорғады.

Шараның салтанатты ашылуында алты құрлықты қол күрес спортынан мойындатып, қол күрес орталығына айналған «Шардара Армспорт» клубының негізін қалаушы, Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті  ауданның мерейтойымен құттықтады:

«Армысыздар, бүгін Шардара ауданының 60 жылдығын кең көлемде атап өтудеміз. Ауданымыз құрылғаннан бастап тың игерумен, балық, егін шаруашылығы, су электр станциясы және спортымен танылып үлгерді. Міне, аудан спорты да қарыштап дамып, қол күрес арқылы ауданымыздың атын дүниежүзі таныды. Оның бір дәлелі шағын ғана ауданымыздан 120-дан астам Әлем чемпионы шықты. Сонымен қатар, бүгін бір ғана Шардара ауданының қол күресшілері бүтін бір Өзбекстан Республикасының құрамасына қарсы жекпе-жек өткізіп отыр.

Сіздерді тағы да Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, әрқашан ауданымыз қарыштап дами берсін деп тілеймін!» – деді Арман Романұлы.

Мұнан кейін мәслихат төрағасы және Өзбекстан елінің құрамасының бас бапкері сөз сөйлеп, Шардара ауданының мерейтойымен құттықтап, қол күрес әлемінде Шардара ауданының өресі биік екендігін жеткізді. Сондай-ақ, келген қонақтарға ілтипатпен торқалы шапан жауып, құрмет көрсетілді.

Ашылу салтанатынан соң 9 салмақ дәрежесінде 9 жұп күш сынасты. Тартысты өткен бәсекеде «Шардара Армспорт» клубы тағы да өздерінің мықтылықтарын дәлелдеп, Өзбекстан құрамасын 9:0 есебімен тізе бүктірді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі