Ақын жайлы қаңқу көп,

Ашытатын жарасын.

Қадалған соң шаншу боп,

Бір күрсініп аласың!

Ақын жайлы сөз де көп,

Тіл ұзындар сапырған.

Жаралған жоқ өзге боп,

Ақын деген тақырдан.

 

Ақын деген сезімге,

Қиялға да бай адам.

Жалғыз қалған кезінде,

Сырлас болды Ай оған.

 

Мейірімге жүрегі,

Тұрады ылғи шүпілдеп.

Жүдеу көрсе – тілегі,

Кетсем дейді бүтіндеп!

 

Сүйеді ол тауын да,

Гүлдерін кең даланың.

Су болады жауында,

Ісін істеп баланың.

 

Сұлулықтан табады үн,

Ауыр ойдан айығып.

Қолға алады қаламын,

Аппақ жеңді қайырып!

 

Қатардағы жандардан табиғаты бөлектеу болып жаратылған ақындар жайлы ақтарыла айтқан бүгінгі кейіпкеріміз – Нұрғали Ыбырайым. Ақын жайлы ақыннан басқа кім асыра айта алар дейсіз?!

Шыны керек, шардаралықтар, Нұрекеңді танитын айналасындағылар ол кісі туралы айтылғанда «ә, Нұрғали ақын ба?» деп анықтап сұрап алады. 40 жылдық ұстаздық саладағы еңбек өтілін емес, 40 қатар жырын айтып жатады. Бұл – әдебиетқұмар жандардың өнерге, сөз өнеріне деген құрметі, ақынға деген айырықша ықыласынан туындаған ақ пейілі шығар... солай болса керек.  

Уақыт бір орнында тұрмайды. Бұрылып артыңа қарасаң, өкшелесіңді көресің, алдыңа қарасаң ағаларыңның анау қырдан асып бара жатқанын көресің. Өмір солай.

Мен Нұрғали Сәкүнұлын бала күнімнен білетінмін. Мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенімде қазақ тілі мен әдебиеті бойынша аудандық пән олимпиадасына қатыстым. Байқау «Шардара» орта мектебінде өтті. Әр мектептің үздіктерін бір сыныпқа кіргізді. Ұзын бойлы, мұрынды келген ағай (Нұрекең екен ғой) мен қараторыдан келген бір апай (аты-жөні есімде жоқ) олимпиада шарттарымен таныстырды. Әдебиет пәні бойынша шығарма жаздық. Берілген 3 тақырыптың ішінен еркін тақырып – «Желтоқсан оқиғасын» таңдап алдым. Сол кезде Желтоқсан оқиғасының 5 жылдығы еді. Онан соң қазақ тілі бойынша ауызша сұрақ-жауап, сөйлем талдау болды. Осы жарыста бағым шауып, 1-орынды иелендім. Кейін облыстық пән олимпиадасына жетекшім, бұрынғы «Восход» орта мектебінің мұғалімі Сабыр Мұратов ағайым апарды.

Сол кездері мектеп оқушылары арасында танымдық «Сиқырлы қазан» сайысы ұйымдастырылатын. Нұрғали ағай біздің мектептен мені және Талғат Құлыншақов есімді өнерлі жігітті аудан құрамсына алдырды. Өзі тікелей аудан құрамасына жетекшілік етті. Бұл сайыста да аудан құрамасы өте нәтижелі өнер көрсетіп, мерейіміз тасыды.

 Мектеп қабырғасында жүргенімде қазіргі таңда өзім басқарып отырған «Өскен өңір» газетінен Қазыбек Иса, Жұмабек Мұқанов, Нұрғали Ыбырайым, Құдайберген Өтеш, Оңалбай Еспан ағаларымның жырларын оқып, менің де өлең жазғым келіп, «ауыратынмын». Сол «дерттен» айыға алмай, шатып-пұтып бірдеңелерді қағазға түсіріп жүретінмін. Жоғары оқу орнын бітірген соң ауылға келіп, бағыт беретін орта, бағдар сілтейтін орда іздедім. Сол кезде Нұрекең аудандық білім бөлімінде әдіскер болып еңбек ететін. Жазған-сызғандарымды апарып, кеңес сұраймын ғой. Нұрекең талабымды қостап, жырларымды аудандық газетке беруге кеңес береді. Содан не керек, бір күндері өзім кезінде өлеңімнің шығуын арман еткен «Өскен өңірге» қызметке тұрдым. Шалқар шабытты ақынмен осылай ұстаз-шәкірт болып танысқанмын.

Балаларға білім мен тәрбие беру саласында Нұрекең 40 жылға жуық қызмет етті. Биылғы жылы 70-тің жотасына шықты. Құдайға шүкір, әлі тың, қимылы ширақ. Бала күнінде қолына ұстаған қаламнан әлі күнге дейін мөлдіреген жыр төгіліп тұрады.

Ыбырайым Нұрғали Сәкүнұлы 1955 жылы 16 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданының Шардара ауылында дүниеге келген. 1972 жылы сол ауылдағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітіріп, Қарағанды қаласындағы мемлекеттік университетке түседі. Жоғары оқу орнын 1977 жылы филолог-оқытушы мамандығы бойынша тәмамдап шықты.

Еңбек жолын осы жылы Жезқазған облысы, Ақадыр ауданы, Абай атындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы болып бастады. 1978 жылы туған жеріне келіп, «Қызылқұм» орта мектебінде өз мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастырды. Нұрекеңнің өзі осы «Қызылқұмдағы» 4-5 жылдық еңбек жолы ғұмырлық мақсатын айқындап бергенін, ол жердегі ұстаздардан көп нәрсе үйренгенін айтып отырады.

Нұрекең 1982 жылы Шардара аудандық “Өскен өңір” газетіне мәдениет және әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып ауысты. Мұнда келген соң түрлі тақырыпта фельетон, эссе, очерк жазып, оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Өзімен қызметтес, әріптес болып жүрген Ж.Мұқанов, О.Еспан, Қ.Өтештермен жарыса жыр жазып, қаламын ұштады, қиялын қалықтатты. Шығармашылық топ құрып, оның өрісін кеңітті. Ел ішінде «Нұрғали ақын» атанды.

Әу баста сүйіп таңдаған ісі – бала оқыту емес пе еді? Нұрекең 1986 жылы өз мамандығы бойынша жұмыс істеуді ұйғарып, аудандық білім бөліміне жұмысқа тұрды. Мұнда 1999 жылға дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әдіскер, әдістемелік кабинет меңгерушісі қызметін атқарды. 1999 жылы Шардара қаласындағы Құрманғазы атындағы орта мектепке директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып бекітілді. 2009 жылы Шардара қаласындағы А.Иманов атындағы орта мектепке басшылыққа орналасып, зейнеткерлікке шыққанша абыройлы қызмет етті.

Нұрғали Ыбырайым еңбек еткен жылдары мінсіз де адал қызметі үшін Шардара аудандық партия комитетінің, Қазақстан Республикасы Комсомол жастар орталық комитетінің, Шымкент облыстық оқу-ағарту басқармасының, Шардара ауданы әкімінің, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен, Мақтау грамоталарымен марапатталды. 1992 жылы ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, 1995 жылы ҚР “Оқу ісінің үздігі” төсбелгісімен марапатталды.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» – деп бекер айтылмаса керек, Нұрғали ұстаздың қызметте жүргендегі еңбектерінің нәтижесін көптеген шәкірттері осы уақытқа дейін аңыз етіп айтады. А.Иманов атындағы жалпы орта мектептің басшылығында отырғанда да мектептің білім беру деңгейі өте жоғары болғаны талай баспаларда айтылып келеді.

Белгілі ұстаз қолы қалт еткен шақтарда қиялына қанат бітіріп, өлең жазумен айналысты. Ақынның қиыннан қиыстырған, өрнектелген өлеңдері республикалық “Егемен Қазақстан”, облыстық “Оңтүстік Қазақстан”, “Болашақ” газеттерінде, “Жалын”, “Қазақстан мектебі” журналдарында жарияланып жүр. Көкейінде жүрген, көңілінен түлеп ұшқан жырларын, қаламы арқылы айтқан сырларын топтастырып, «Періште пейіл» атты жыр жинағын шығарды.

Зейнетке шыққанымен қол қусырып жүрген Нұрекең жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы «Әкелер мектебіне» жетекшілік жасайды. Қай жерде жастар жайлы, балалардың тәрбиесі жайлы жиын болмасын, ортасынан Нұрекеңді көреміз. Жиынға «для галочки» жай ғана қатысып қоймайды, ылғи да ұсыныстарын айта жүреді.

Ардагер ұстаз, ақын жайлы араласқан айналасы да ылғи жақсы пікір білдіреді. Әдебиетке жаны құмар жандардың бірі, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы  Қыстау Ілесов: «Бұл кісіні білетініміз, еңбек жолын Жезқазған өңірінде бастап, кейіннен туған жерге қызмет еткісі келсе керек, Қызылқұм өңірінде ұстаздығын жалғастырып, небір дарынды шәкірттерді тәрбиеледі. Оған дәлел – дайындаған шәкірттерінің бірі, сол Қызылқұм орта мектебін бітірген, қазіргі қоғам қайраткері, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, белгілі ақын Қазыбек Иса. Соған қарап-ақ Нұрекеңнің білім жолында сарп еткен өмірін, еңбегін түсінуге болады деп ойлаймын» – дейді.

Н.Ыбырайым ұлағатты ұстаз, сыршыл ақын ғана емес, елге сыйлы, абыройлы отбасының иесі. Мәруа жеңгеміз екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Нұрекең ұл-қыздарына асқар тау, немерелеріне ақылман ата болса, Мәруа жеңгеміз ағамызға асыл жар, ұл-қыздарына абзал ана, немерелеріне мейірімді әже атанып, бақыттың бесігін тербетуде.

Сөзіміздің соңында саналы ғұмырын ұстаздыққа арнап, ұзақ жылдар бойы білім беру саласына өлшеусіз үлес қосқан, бірнеше буынның сапалы білім, саналы тәрбиеленуіне зор еңбек сіңірген Нұрғали ағамызға, оның отбасына амандық, деніне саулық тілегіміз келеді. Қаламыңыздан 70-те де жалынды жырлар туындай беретініне бек сенімдіміз!

Сәбит Лаханов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.