Шардара ауданының  55 жылдығына және  жерлесiмiз, сазгер  Лесбек Амановтың шығармашылына арналған  ән байқауы әсерлi өттi.

Шардара ауданының 55 жылдық мерейтойына және белгiлi сазгер жерлесiмiз Лесбек Амановтың шығармашылығына арналған облыстық ән байқауы қала орталығындағы «Абай» Мәдениет сарайында өттi. Түркiстан облысының барлық ауданына алдын ала хабарланып, жарияланған өнер сайысы «Шырқалсын Шардараның әндерi!» деп аталды. Байқауға қатысушылар алдын ала белгiленген талап пен шартқа сәйкес тек қана Шардара туралы әндердi  және Шардараның мақтанышы,  сазгер жерлесiмiз  Лесбек Амановтың әндерiн орындады. Айтылған   әннiң музыкалық өңделуi, ән сөзiнiң мазмұндылығы, әншiнiң орындау  шеберлiгi, сахналық мәдениет пен киiм үлгiсi сынға түсiп, бағаланды. ҚР Мәдениет қайраткерi, белгiлi сазгер Жалғас Кеңесов қазылар алқасына төрағалық жасаса, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының әдiскерi Гүлнар Сәдуақасова, ҚР мәдениет қайраткерi, аудандық саз мектебiнiң директоры Әсия Жораева, продюсер-режиссер Мейiржан Әлиакбар, ақын, аудандық «Өскен өңiр» газетi редакторының орынбасары Сәбит Лаханов, аудандық мәдениет сарайының директоры Ағабек Дөңбаев сияқты өнерге жақын әрi жанашыр азаматтар қазылық еттi.

Атақты ақын Төлеген Айбергеновтың сөзiне жазылған шардаралық сазгер Мамыр Жалаңбасовтың  «Шардара толқындары» әнiмен Түркiстан өңiрiне танымал «Ақ әжелер» ансамблi байқаудың шымылдығын ашып, сахнаның сәнiн келтiрдi.  Аудан әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Қуанышбайұлы Шомпиев құттықтау сөз сөйлеп, өнер байқауына қатысушыларға шығармашылық табыс тiледi.

Шардаралық өнерпаз Құралбаев Абзал Алтынбекұлы сөзiн де, әнiн де өзi жазған «Туған жерiм - Шардарам» деген әнмен байқаудың шымылдығын қатысушылардан бiрiншi болып ашты. Әндi орындау барысындағы сахналық қойылымы жақсы шықты.

Ортада  ақын отыр. Қанша парақты тоздырды. Қанша қағазды лақтырды. Қайран, муза, қолына ұстатпай тұр! Уақыт өтiп барады. Түн ауды. Шаршады. Мың отырып, мың тұрды. Кенет ақ қауырсынды перiштелер қоршап алды. Ол ұзақ күткен туған жерге арналған ән едi. Абзал өз әнiн ойдағыдай орындап шықты. Сахнаны шапалақ көмiп кеттi. Отырарлық үмiткер Лесбек Амановтың атын шығарған  «Ақторғынын» домбырамен сүйеп, шалқыған шабытпен көкке көтергенде, толқымаған жан қалмады. Ән аяқталғанда, «Жарайсың!», «Бәрекелде!» деген қошемет сөздер зал iшiн көмiп кеттi. Бiз ұлы дала сазын естiп, қуандық. Қошеметтедiк. Шардара топырағының түлегi, Шымкент қаласының атынан қатысқан Кеңесов Iзбасар да  Лесбектiң «Асыл ана» әнiн ерекше мәнермен самғатты. Сайрамнан келген Алпысбай Толғанай Ермекқызы Түркiстан топырағына «Алғабасым» әнiмен танылған белгiлi сазгер Нышан Төлегеновтың «Шалқыған Шардара» әнiн нақышына келтiрдi. Келесi кезекте  Лесбек Амановтың көпшiлiкке аса таныс емес «Тырналарын» таңдапты. Жас әншiнiң жауқазынның қауызындай жаңа ашылып келе жатқанын байқадық. Жерлесiмiз Ибадуллаев Мейiрбек Әбiламитұлы Бекжұма Мәтжанұлының сөзiне жазылған өзiнiң «Шардарам» әнiн орындап, әнсүйер қауымның жүрегiн әу дегеннен баурап алды. Кең тынысты даусымен, заманауи орындау мәнерiмен ерекшелендi. Сапарбаев Әлiбек көршi Келес ауданы атынан қатысты. Әлiбек келестiк сазгер Бақыт Лесовтың  «Шардара толқындары» әнiмен шықты. Алпысты алқымдаған  тәжiрибелi әншiнiң баритон дауысы кең залды билеп алды. Л.Амановтың  Ақшагүл Рамазанованың сөзiне жазылған «Күлкiсi қымбат дүние» әнi де Әлiбектiң ауқымды өнер бәйгесiне тегiн қатыспағанын байқатты. «Қос тұра» дуэтiнiң әншiлерi  Бөбеев Мұрат пен Қасенов Қуат Нышан Төлегеновтың «Шалқыған Шардара» әнiн қос дауыспен сынға салды. Осы жiгiттердiң орындауындағы Ұлықбек Есдәулетовтың  сөзiне жазылған «Бiздер де ғашық болғанбыз» талайдың таңдайын қақтырды. Олар Шардарадағы дүбiрлi ән додасына үлкен дайындықпен, жауапкершiлiкпен  келiптi. Қаратаудың тәжi Кентау қаласынан қатысқан Айжан Әбiлханова Шардара туралы әндер байқауына жаңа ән әкелiптi. Әнiн жазған кентаулық  Жұпаргүл Бекшораева апайы болса, сөзiн шардаралық ақын ағасы Нұрғали Ибрайым жазған. Жас әншiнiң толқыған келбетi мен көмейiндегi көркем ән үйлесiп тұр. «Жүйрiктен жүйрiк озар жарысқанда» демекшi, шағын мақаламызда жарысқа қосылған барлық өнерпаздың артықшылығы мен кемшiлiгiн талдап бере алмаспыз, дегенмен, түлкiбастық «Арша» тобының, ордабасылық Қуаныш Әбжаловтың, Созақ ауданының әншiсi Молдабеков Мұхтардың, мақтааралдық Қазыбеков Бексұлтанның, Шымкент қаласынан келген Кеңесов Iзбасардың, жерлесiмiз Ибрагим Құрманғазының өнерi ұйықтап жатқан жүректi оятқаны анық.

Байқау аяқталған соң, өнер сайысы қорытындыланып, тыңдармандар жүрегiнен жол  тапқан үмiткерлерге тиiстi орындар мен жүлделер тапсырылды. Ордабасы ауданының әншiсi Қуаныш Әбжалов, келестiк Әлiбек Сапарбаев және Түлкiбас ауданынан қатысқан «Арша» тобы жүлделi үшiншi орынды иелендi. Шардаралық жерлесiмiз Абзал Құралбаев пен Бәйдiбек ауданының өнерпаздары «Қостұра» дуэтi  екiншi, отырарлық Руслан Ахынбеков бiрiншi орынды еншiледi. Шымкент қаласының әншiсi Iзбасар Кеңесов Бас жүлденi иелендi.

Байқаудың ұйымдасты-рылуы жайлы мамандар мен өнер сайысына қатысушылар-дың пiкiрiн назарларыңызға ұсынуды жөн көрдiк:

«Арша» тобы: – Шардаралықтардың өнер сүйер мiнезiне, қонақжай қасиетiне дән ризамыз.

Мәдениет үйiнiң есiгiн аттағаннан барлық жағдайымызды жасады. Мәдениет үйi де өте көркем, жарық, жайлы екен. Қазылар алқасы әншiлердiң еңбегiн дұрыс бағалады.

Қазақстан Республика-сының Мәдениет қайраткерi, сазгер-әншi Жалғас Кеңесов: «Байқауға Түркiстан облысының барлық ауданынан әншiлер қатысты. Әрине, қуанышты. Жастардың жанды дауысқа бет бұрғаны байқалды. «Арша» тобы әншiлерiнiң ұлттық дәстүрдегi киiмi, әншiлiк шеберлiгi қызықтырды. Аудандық мәдениет бөлiмi үлкен дайындықтар жасаған. Жеңiмпаздарға арналған жүлделер де ешкiмдi өкпелете қоймайды.     

Туған топырағымыз жайлы ән шырқалып, жерлес өнерпаздардың өнерi мен өмiрi  құрметке бөленiп жатса, одан артық қуаныш бола ма?!».

Кентау қаласының әншiсi Айжан  Әбiлханова: – Ең алдымен Шардара халқының мерейтойына құтты болсын айтамын! Шардара халқының ақындар елi екенiн бұрыннан естiп, бiлгенмiн. Мынадай мейiрiмдi, қарапайым, қонақжай халықтың арасынан алда да талай таланттар шығатынына сенемiн!     

Шардара аспанын ән мен қуаныш тербей берсiн, 55 жылдық мерейтой құтты болсын!                

Жаңабай СЕЙДУӘЛИЕВ.