Халық аманатына адалдық танытып, мемлекетiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық өсiп-өркендеуiне өз үлесiн қосып келе жатқан азаматтың бiрi – Құдайберген Төлепұлы Ержан асқаралы 60 жасқа толды.

Нағыз кемел шағына келген Құдайберген Төлепұлының барлық өмiрi, еңбек жолындағы жетiстiктерi елдiң көз алдында өтiп жатыр. Қазақта «50 – ердiң жасы, 60 – ағалық жас» дейдi. Ағалық жасқа өзiнiң абыройымен жетiп отырған мерейтой иесiнiң өткенiне бiр сәт көз жүгiртiп, халыққа жасаған қызметi жайлы сыр шертсек деп едiк.        

Құдайберген Төлепұлы 1959 жылы Өзбекстан Республикасы, Жызақ облысы, бұрынғы Октябрь ауданының Тимирязев атындағы кеңшарында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бiтiрдi. Еңбек жолын 1982 жылы облыстық нормативтiк зерттеу станциясында агроном-экономист болып бастады. 1983-1984 жылдары Кеңес әскерi қатарында қызмет еттi. 1986-1988 жылдары Өзбекстан   Республикасы Жызақ облысының Фарыш ауданына қарайтын Қызылқұм кеңшарында бас есепшiнiң орынбасары, Алматы қаласындағы Геодезиялық зерттеу кәсiпорнының топография-геодезиялық жұмыстары бойынша жұмысшысы, «Казбытрадиотехника» өндiрiстiк бiрлестiгiнiң ревизоры, «Гарант» өндiрiстiк бiрлестiгiнiң ревизоры, аға ревизоры, «Еңбек» кооперативiнiң есепшiсi болып қызметтер атқарды. 1998-1992 жылдары Алматы қаласындағы «Ритм» жастар ғылыми-техникалық шығармашылығының Москва аудандық орталығының бас есепшiсi, «Сабаз» КЖК-iнiң директоры, «Центрбанк» банк филиалдарының директоры, 1998-2012 жылдары «Шардара су электр станциясы» акционерлiк қоғамының құрылымындағы директоры және төрағасы, Оңтүстiк Қазақстан облыстық мәслихатының үшiншi, төртiншi және бесiншi шақырылымдарының депутаты болып сайланып, 2012-2016 жылдары Оңтүстiк қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы, 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты болып қызмет етiп келедi.

Шардаралықтар   Құдайберген Төлепұлын осы өңiрдiң төл перзентi санайды. Алып кәсiпорынды 14 жыл бойы жемiстi басқара жүрiп, ол шежiрелi аймақтың тыныс-тiршiлiгiмен де жете танысты. Облыстық мәслихатқа депутат болып сайланған жылдары ауданның әлеуметтiк-экономикалық ахуалын жақсарту жолында көптеген игi iстердi жүзеге асырды. Халыққа қуат көзiн үздiксiз сыйлап келе жатқанына жарты ғасырдан асып бара жатқан «Шардара су электр стансасы» мекемесiнде өзiнiң жарқын қолтаңбасын қалдыра бiлдi.             

– Сыр бойындағы  «Шардара су электр стансасы» мекемесiн басқаруды ұсынған кезде мен ойланбастан келiсiм бердiм. Бiрiншiден, мен сол өңiрден шыққан соң Арал теңiзiнiң құрғап бара жатқан проблемасы алаңдатушы едi. Екiншiден, бизнестiң тиiмдiлiгiн арттырудағы өзiмде бар тәжiрибемдi елiмiз үшiн iргелi де маңызды объект – оңтүстiктегi көп жылдық даңқты тарихы бар үлкен су электр стансасында қолдансам дедiм. Сырдарияның төменгi ағысындағы, ең әуелi Қазақстандағы ауыл шаруашылық жерлерiн ирригациялау мен мелиорациялау мақсатында салынған Шардара су қоймасындағы суды реттеу проблемалары маған жақсы мәлiм едi, – деп еске алады экономист-қаржыгерлiктен энергетика саласына бет бұрып келген кезiн Құдайберген Төлепұлы.           

Стансаның тыныс-тiршiлiгiмен жақсылап танысып алған соң Құдайберген Төлепұлы алғашқы жұмысын экономикадан, яғни электр энергиясын сату жүйесiнен, оны бөлiп беруден, кәсiпорынның бiрден-бiр жалғыз тауары – өндiрiлген энергияға алдын ала төлемақы енгiзуден бастауды ұйғарды. Қаржылық ахуалды түзетуде банк саласында қызмет атқарған жылдардағы жинаған тәжiрибелерi көп көмегiн тигiздi. Бiрiншi кезекте электр энергиясын сатып алу-сату келiсiм-шартын жаңа типте жасады. Онда төлем жасаудың мiндеттi түрде кепiлдiгi болуға тиiс. Бiраз жылдан берi алдын ала қаржы төлемей-ақ электр қуатын алып келген және пайдаланған энергиясы үшiн айлар бойы тағы да төлемей жүре берудi әдетке айналдырып алған ұйымдар бастапқыда ренiш бiлдiргенiмен, кейiннен түсiндi. Кез келген тауар сияқты электр энергиясы үшiн де өз уақытында өтемақы төлеу қажет екендiгiн, ол үшiн токты да үнемдеп, құнттап жұмсаған жөн екендiгiн ұғына бастады. Осылайша кәсiпорынның жағдайы жайлап түзеле бастады. Қаржы жағы жөнге қойылысымен қызметкерлердiң өздерiне деген сенiмдерi арта түстi. Жаңашыл басшы мекеме қызметкерлерiнiң әлеуметтiк жағдайын жақсартуға, соның iшiнде 60-шы жылдары  салынған әкiмшiлiк, қызметтiк ғимараттардағы тозығы жеткен және қолданыстан қалып бара жатқан жиһаздарды түгелдей ауыстыруды қолға алды. Көп өтпей-ақ, интерерьер түгелдей жаңартылып, қазiргi заман талабына сай жиһаздармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етiлдi. Осының бәрi де адамдардың көңiл-күйлерiне, олардың жұмысының сапасына оң әсерiн тигiздi. Құдайберген Ержанның өзiнiң үлгi көрсетуiмен мұнда салауатты өмiр салтын ұстанатындар қатары көбейдi. Офистегi жаңадан қойылған теннис столына, басқа да жаттығу залдарына жастар ғана емес, аға буын өкiлдерi жиналып, спортты жандарына серiк ете бастады. Мекеме қызметкерлерiнiң балаларына арнап таэквон-до спорт клубын ашып, iске қосып берген де Құдайберген Төлепұлы болды. Арнайы алдырған жаттықтырушыға 80 бала жазылып, олар үш ауысымда жаттығып жүрдi. Кейiннен мұнда қаланың өзге балалары да келiп жаттығатын болды. Қазiргi таңда Шардара ауданының таэквон-дошылары әлемдiк деңгейдегi жарыстарға қатысып, жеңiс тұғырынан көрiнiп жүрсе – осы мекемеден бастау алған игi тiрлiктiң жемiсi деп айтқан болар едiк.   

          

Құдайберген Төлепұлының кәсiпорын қызметкерлерiне, басқа да азаматтарға жасаған игi iстерiн көптеп келтiруге болады. «Шардара су электр стансасы» АҚ-ы Басқарма төрағасының қаржы-экономикалық мәселелерi жөнiндегi орынбасары Әдiлхан Үсiпбеков былай дейдi:      

– Құдайберген Төлепұлы бiздiң мекеменiң тiзгiнiн қиын кезеңде қолға алды. Ол кiсiнiң өмiр көрген тәжiрибелiлiгiнiң, өз iсiнiң кәсiби шеберлiгiнiң арқасында көптеген мәселелер оң шешiмiн тауып отырды. Атап айтар болсам, бiрiншi кезекте бiзден электр энергиясын алатын ұйымдар уақтылы төлем төлеп отыратын жағдайға жеттi. Әлеуметтiк жағдайымыз күрт жақсарды. Мәселен, Құдайберген Төлепұлының ұйытқы болуымен жұмысшылар асханасы ашылды. Ондағы мекеме қызметкерлерiне берiлетiн түскi ас құнының 70 пайызын бiздiң кәсiпорын өз есебiнен төлейдi. Жұмысшылар күнделiктi жұмыс ауысымынан шыққан соң тегiн пайдаланатын монша мен жуынатын себезгiлер салынды. Қызметкерлердiң санаторий-курорттық емделуi мен демалысына iшiнара төлем жасалып отырды, яғни, бұл 90 пайызын мекеме төлеп бередi деген сөз. Ұлы Отан соғысының және ауған соғысының ардагерлерiне, өзiмiздiң энергетика саласында қызмет атқарып, зейнетке шыққан ардагерлерiмiзге, халықтың мейлiнше осал бөлiгiне              материалдық көмектер көрсетiлiп отырды. 2003 жылы көршi Жамбыл облысында зiлзала орын алып, оған бүкiл ел болып көмек қолын созған кездi жұртшылық ұмытпаса керек. Мiнеки, сондай ел басына күн туған ауыр сәтте алғашқылардың бiрi болып бiздiң «Шардара су электр стансасы» мекемесi Құлан ауылына аттанып, 2 пәтерлiк тұрғын үй салып бердi. Осы жұмыстардың барлығы да Құдайберген Төлепұлының тiкелей өзiнiң қолға алуымен ұйымдастарылды. Бүгiнгi таңда Парламент төрiнде отырып, халықтың мұң-мұқтажын шешу жолында аянбай еңбек етiп келе жатқан әрiптес-ағамыз Құдайберген Ержанға 60 жасы құтты болсын дей отырып, денiне саулық, отбасына амандық тiлеймiн...

Таза жүрiп, адал еңбек еткен адамды абырой мен бақ өзi iздеп тауып алады.   Құдайберген Төлепұлының су электр стансасындағы тынымсыз еңбегi мен iзденiстерi көп өтпей-ақ өз нәтижесiн бердi. 2005 жылдың қорытындысымен  «Шардара су электр стансасы» Акционерлiк Қоғамы Қазақстан Республикасы бойынша «Ең үздiк салық төлеушi» болып танылды. Осы жылы Астанада өткен салтанатты шарада елiмiздiң Қаржы министрi Наталья Коржова «Шардара су электр стансасы» Акционерлiк Қоғамының Басқарма төрағасы Құдайберген Ержанға Диплом мен естелiк медальдi табыс еттi. Мұнан кейiнгi жылдары кәсiпорынның қаржы-экономикалық көрсеткiштерi жылдан-жылға қарқынды өсiп отырды. Атап айтар болсақ, 2005 жылы су электр стансасының таза пайдасы 42,645 млн теңгенi құраса, 2010 жылы бұл көрсеткiш 28 есеге өсiп, таза пайда 1 216,8 млн теңгенi құрады. Ел бюджетiне салық төлеу де осы дәрежеде болды. 2005 жылы мемлекетке 81,9 млн теңге салық төленсе, 2010 жылы 573,1 млн теңге салық төлендi, яғни, ол 7 есеге ұлғайды. Қызметкерлердiң орташа айлық еңбекақысы 2005 жылы 58917 теңге болса, 2011 жылы 106775 теңгеге артты.               

Су электр стансасындағы тағы бiр елеулi оқиға 2010 жылы болды. Электр стансасы пайдалануға берiлген 1967 жылдан кейiн арада екi жыл өткенде, яғни, 1969 жылы су қоймасында судың аса мол жиналған кезiнде 648,1 млн кВт/сағат электр энергиясын өндiрiп, ең жоғарғы көрсеткiшке қол жеткiзген болатын. Бұл рекордтық көрсеткiш 41 жылдан кейiн жаңартылды. Осы уақытқа дейiн ескi жабдықтармен жұмыс атқарып отырған «Шардара су электр стансасы» мекемесi өз тарихында тұңғыш рет 670,5 млн кВт/сағат электр эенргиясын өндiрдi. Әрине, бұл көрсеткiшке Басқарма төрағасы Құдайберген Ержанның бiлiктi басшылығымен стансаның жақсы ретке қойылған жұмысы негiзiнде және кәсiпорын қызметкерлерiнiң шеберлiктерi арқасында қол жеткiзiлдi.

Сағатына 100 Мвт электр қуатын өндiретiн кәсiпорында қазiргi таңда жаңғырту жұмыстары аяқталу үстiнде. Бүгiнге дейiн 3 агрегат жаңғыртылған болса, келесi жылдың ақпан айында 4-агрегат пайдалануға берiледi деп жоспарлануда. Шетелдiк компаниялардың озық технологиясы негiзiнде жүзеге асырылып жатқан жаңғырту жұмыстары толық аяқталып шыққан кезде кәсiпорын қуаттылығы 126 Мвт-қа артпақ. Осынау «Шардара су электр стансасы» Акционерлiк Қоғамының технологиялық жабдықтарын жаңғырту жобасы да Құдайберген Ержанның жеке бастамасы едi. Себебi стансаның негiзгi агрегаттарының тозуы басты проблемаға айналғалы қашан. Күрделi жөндеу көрмеген станса өзiнiң кепiлдiк мерзiмiнен жиырма жыл артық жұмыс iстеп келе жатқанын жасыруға болмас. Мекеме жұмысшылары ескi жабдықтарды жамаумен әуреге түсiп жатқандары. Стансаны түбегейлi жаңғырту қажеттiлiгi күн тәртiбiндегi өзектi де өткiр мәселе едi. 2007 жылы    Құдайберген Төлепұлының қолға алуымен жаңғырту жұмыстарының инвестициялық бағдарламасы жасалынды. Бiлiктi басшының тереңнен талдап, бүге-шiгесiне дейiн мұқият есептеп ұсынған                  жобасының негiзiнде республикалық бағдарламаларға енгiзiлдi. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2010 жылғы 19 наурыздағы №958 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан  Республикасының үдемелi индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы және Қазақстан      Республикасы Үкiметiнiң 2010 жылғы 14 сәуiрдегi №303 Қаулысымен бекiтiлген 2010-2014 жылдарға арналған республикалық индустрияландыру картасы аясында  «Шардара су электр стансасы» Акционерлiк Қоғамында жаңғырту жұмыстары жүргiзiлдi. Жобаны жүзеге асыруға халықаралық тендердiң жеңiмпазы – Германия-Австриялық «Андритц Гидро ГмбХ» компаниясы тартылды.

«Ер қадiрiн – ел бiлер» дегендей, Құдайберген Ержан туралы сөз қозғалғанда   шардаралық азаматтар тек жақсы пiкiрлерiн айтады.

«Абырой дегенiмiз – сен туралы басқа бiр адамның жақсы пiкiрi» дегеннiң бiр дәлелi де осы болса керек. Аудандық ардагерлер Кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков ағамыз:

– Аудандық мәслихатқа хатшы болып жүрген кезiмде Құдайберген Төлепұлымен танысып, қызмет бабында араласып кеттiк. Iскерлiк қабiлетiмен көпке танылған азаматқа халық та сенiм бiлдiрiп, облыстық мәслихатқа бiрнеше мәрте депутат етiп сайлады. Облыстық мәслихаттың депутаты болып жүрген кезiнде де, облыстық мәслихаттың хатшысы болып жүрген кезiнде де Шардараға ұдайы қамқорлық танытып, маңызды деген салаларға қаржы бөлдiртiп отырды. Ол кiсiнiң ықпал жасауымен ауданымызда көптеген әлеуметтiк нысандар бой көтердi. Қазiргi таңда да Мәжiлiс депутаты ретiнде халықтың арасына көп барып, тыныс-тiршiлiгiмен танысады. Алдымен өзi еңбек еткен бiздiң өңiрге келiп, елдiң жағдайын көредi. Шардаралықтар барлық уақытта да Құдайберген Төлепұлына зор құрметпен қарап, қадiрлей беретiн  болмақ, – дейдi.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев Құдайберген Ержанның халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн жақсарту жолындағы еңбектерi ұшан-теңiз екендiгiн айтады.

– Мен қалаға әкiм болып тұрған кезiмде Құдайберген Төлепұлымен тығыз байланыста болдым. Ол кезде қазiргiдей барлық нәрсе жетiп-артылатын заман емес едi. Қарапайым ғана коммуналдық шаруаларды реттеуге техника таппай қиналатын едiк. Сол кезде   Құдайберген Төлепұлының жәрдемiн көп көрдiк. Әлi есiмде, қаланың 40 жылдық мерекесi аталып өтетiн жылы Құдекең басқаратын су электр стансасы бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi шеңберiнде аудандық Мәдениет сарайын күрделi жөндеуден өткiзiп бердi. Аудандағы бiрден-бiр рухани ошақ саналатын Мәдениет сарайындағы құрылыс жұмыстарын Құдекең өзi басы-қасында болып, бақылап отыратын. Облыстық мәслихаттың хатшысы болып жүрген кезiнде ауданымызда 260 орындық Спорт кешенiн салдыруға жәрдем бердi. Сондай-ақ, мектептердi, теңiз жағасынан бой көтерген жаңа музей ғимаратын салдыруға, су қоймасы жағалауынан туризмдi дамыту үшiн 255 гектар жер бөлдiру iсiнде Құдайберген Төлепұлының үлесi мол. Содан соң, бұл кiсi табиғатпен етене жақын адам. Талай мәрте сапарлас болып, аңға шыққан кездерiмiз болды. Сол кезде қандай аң болсын аналығына мылтық оқталмайды. Дәл осы Құдайберген Ержанның бастамасымен 2 жыл бойына үйрек, қырғауыл сияқты құстарды атуға мораторий жарияланғанын бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Ағамыздың сүйегi асыл азамат. Тiп-тiк тұлғасына қарап 60 жасқа толды дегенге сенбейсiң. Құдайберген Төлепұлының қоғамға беретiнi әлi мол, күш-қайраты жалындаған кемел жасқа ендi келдi деп айтамыз, – дейдi Бұлтбай Лесбекұлы.

Ұзақ жылдар бойы аудан әкiмдiгiнде заңгер болып қызмет атқарған Үсен Құралбаев ағамыз Құдайберген Ержанның қолқа салуымен су электр стансасына қызмет ауыстырған азамат. 2000 жылы осы мекемеге ауысып барған кезiн Үсен Тұрысбекұлы былай деп еске алады:

– Кәсiпорынға жаңадан келген Құдайберген Ержан заман ағымының талаптарына сай жаңашыл әрекеттер жасауға кiрiскен кезi едi. Бұл мекеменiң өзi өндiрген электр энергиясының ақшасын өндiру өте ауыр болып тұрған шақ-тұғын. Сол кездегi аудан басшысы маған стансаның проблемаларын талдап, хатқа түсiруге көмектес деп жiберген едi (себебi мекеменiң заңгерi жұмыстан босап кеткен екен). Сонда байқағаным,   Құдайберген Төлепұлына заңгердiң қажетi жоқ сияқты. Ол өзi бәрiн терең талдап, бiлiп отыр. Бiрақ бiрiншi басшы болған соң басқа да шаруалары жетiп жатыр. Сонымен, менiң жұмысым ол кiсiге ұнаған болса керек, күтпеген жерден маған өзiне жұмысқа ауысуға ұсыныс жасады. Мен бiраз уақыт ойланып жүрiп, келiстiм. Құдайберген Төлепұлы өзi жеке дара директор болып тағайындалса да, алқалы атқарушы орган құруды қалады. Маңызды мәселелердi өзi шеше бергенше  ортаға талқыға салып, бiздiң де пiкiрiмiзбен санасуды жөн санады. Заман ағымын тез ұғынып, жаңалыққа жаны құмартып тұратын басшымыздан бiз де көп нәрсе үйрендiк, – дейдi.

«Елге еткен еңбек еш кетпейдi». Құдайберген Ержанның қалтқысыз қызметiн мемлекетiмiз де жоғары бағалап, бiрнеше наградалармен марапаттады. Атап айтар болсақ, жоғары көрсеткiштерге қол жеткiзгенi,  қоғамдық жұмыстарға белсендi қатысқаны үшiн Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденi және «Шапағат» медалiмен наградталды.  «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астана қаласына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсiздiгiне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентiне 10 жыл»,  «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», мерекелiк медальдарын иелендi.

Бiз бұл мақаламызда Құдайберген Төлепұлының шағалалы өңiрде атқарған жұмыстарын ғана қамтып өттiк. Ал облыс пен республика көлемiнде жасап жатқан еңбектерi өз алдына бiр төбе. Кемел жасқа келiп отырған азаматтың денiне саулық, шаңырағына амандық тiлеймiз.

К.ҚҰЛЫМБЕТТЕГI.