Жерлесіміз, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса Жарылқасынұлы таяуда асқаралы 60 жасқа толды.

Қазекең Сырдың суын есіп, Қызылдың құмын кешіп осы өлкеде ер жетті. Қоссейіт ауылындағы Сырдария орта мектебінде 6-7 жыл оқып, орта мектепті Қызылқұм ауылында тәмамдады. Мектептен соң 1979 жылы арман қала – Алматыға жол тартты. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, осы жылы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) көркемсурет-графика факультетіне түсіп, аталған оқу орнын үздік бітіріп шықты. 1984 жылы институтты бітірген Қазыбек Иса Қызылқұм орта мектебінде еңбек жолын бастайды.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенінде-ақ өлең-жырға әуес болған бозбала Қазыбек уақыт өте келе өзінің әдебиет әлемінен жырақ кете алмасын сезді. Бойындағы бұла күш, әдебиетке деген, өлеңге деген ерекше сезім оны ауылда қалдыра алмады. 

«Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,

Кетіп қалдым бір күнде.

Немкеттілеу ағайын,

Неге кеттім, білдің бе?» деп өзі жырлағандай Қазыбек аға 1991 жылы Алматыға жол тартты. Ару қалаға келісімен алғашқы демократиялық басылым «Жас қазақ» газетіне бөлім меңгерушісі болып жұмысқа тұрады. 1993 жылы «Өркен» газетінде бөлім редакторы болып істейді. 1998 жылы «Қазақпарат» баспа корпорациясында вице-президент болып қызмет етеді.

2000 жылы «Жас қазақ үні» газетін ашып, тұңғыш бас редакторы – директоры болып еңбек етті. Сонымен қатар «Жұлдыздар құпиясы» журналы бас редакторы және «Тұран» баспасының директоры болып еңбек етті. Қазекеңнің басқаруындағы «Жас қазақ үні» бүгінгі таңда бар «Қазақ үні» болғанын атап өтуіміз керек.

Қазекеңнің алғашқы өлеңдер топтамасы 1984 жылы «Аудитория» студенттер жинағы мен 1989 жылы «Тоғыз тарау» жинағына кірді.

Тұңғыш жеке кітабы 1995 жылы «Керімсал» деген атпен жарық көріп, жырсүйер қауымның жылы бағасын алды. 2002 жылы «Қызыл жыңғыл» кітабы шықты. 2008 жылы «Тәтті шөл» жыр кітабы жарық көрді. Бірнеше республикалық мүшәйралардың жүлдегері.

2008 жылы “Тәтті шөл” кітабы үшін Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанды. 2009 жылы Қазақстанның Мәдениет қайраткері  атағына ие болды.

«Парасат», «Құрмет» мемлекеттік ордендерімен марапатталды.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік және «Ана тілі», «Мейірім» медальдарының иегері.

Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – «Алтын күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері.

«ҚР Ақпарат саласының үздігі», «Қазақ журналистикасының қайраткері», «Ұлт қайраткері», «Тіл жанашыры» құрметті атақтарының иегері.

2017 жылы Моңғолиядағы Ұлан-Батырда өткен Дүниежүзілік поэзия фестиваліне қатысып, Дүниежүзілік ақындар конгресінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Астана қаласының 20 жылдығына арналған республикалық мүшәйраның бас жүлдегері.

2017 жылдан бастап ЮНЕСКО Әлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі.

Асқаралы 60 жас құтты болсын, ақын аға!

«Өскенөңірліктер».

 *   *   *

Алдаспан

(ақын Қазыбек Исаға)

Тұлпардай жер тарпыған кермедегі,

Немесе, сәйгүліктей көмбедегі...

Желкені желбіреген сағым жылдар,

Шардара толқынымен тербеледі.

 

Ашылып өткен күннің парақтары,

Толғайды «Тоғыз перне» шанақтағы.

Ағамның жырларының әрбір жолы,

Секілді періштенің қанаттары.

 

Сағымы сағындырса түстіктегі,

Қиялда қалықтайды құс біткені.

Жыр құмар дүйім жұрттың жүрегінен,

Соғады «Керімсалдың» ыстық лебі.

 

Адамды арман, мұрат қор қылмайды,

Қанағат – қайырға мұң қондырмайды.

Жетелеп қиялыңды қиырларға,

Қырдағы «Қызыл жыңғыл» қол бұлғайды.

 

Ашылса адамзаттық қазыналар,

Ақынның жанған бұл бір бағы болар.

Әлемін арда жырдың араласа,

Таңдайда «Тәтті шөлдің» табы қалар.

 

Ой толғап ғалам жайлы, ғасыр жайлы,

Тексіздік теліміне бас ұрмайды.

Қалам мен қайсарлыққа қуат берген,

Қызуы қызылқұмның басылмайды.

 

Шындықтың шығаратын шешімін әр,

Ақсүйек ақиқаттың кесімі бар.

Қазыбек бидің атын арқалаған,

Тегінде – пайғамбардың есімі бар.

 

Жез басқа, күміс басқа, алтын басқа,

Бақ қонбас биіктерге талпынбасқа.

Аймауыт ақиқаттың алдаспаны –

Қазақтың Қазыбегі алпыс жаста!

Әлібек Шегебай.