Журналистика – қиындығы мен қызығы қатар жүретiн, көп iзденiстi талап ететiн сала. Бұл өткен дәуiрде, қазiргi кезде, келешекте де өз құндылығын жоғалтпайтын мамандық.        

Олай дейтiнiмiз, алыс-жақыннан ақпарат алмай томаға тұйық өмiр сүру мүмкiн емес. Сондықтан журналистика мамандығы үнемi iзденiсте болуды, жаңарып, жасарып отыруды қажет етедi. Қатаң қағидаларға, даңғаза ұрандарға бой ұрған ақпарат сол мезгiлдiң қалауына сай келгенiмен өмiршеңдiк қуатынан айырылып қалады. Оған мысал: кеңестiк кезеңдегi қызыл ұранға толы жасанды ақпараттарды айтсақ жеткiлiктi. 

      

Журналистика дегенiмiз – баспасөздерде жылт еткен жаңалықтарды жазумен ғана шектелмейдi. Жалпы ауқымы әлдеқайда кең, әрi күрделi. Мәселен, дүбiрлi дүниенiң әр шалғайында болып жатқан жағымды, жағымсыз ақпараттар, өз елiмiздiң әр өңiрiндегi елең еткiзерлiк хабарлар, тарихи танымдық шығармалар, әлеуметтiк-саяси ой-толғаулар, жол сапарлар, мәдениет пен өркениет жауһарлары болып жалғасып кете бередi.      

Өткен ғасырларда халық тек қана газет, радио, толық кемелденбеген телеарналар арқылы ғана өз қажетiн қанағаттандырып отырды. Ал бiз жасап отырған қазiргi қоғамда космостық тың жүйелер арқылы таратылатын, көрсетiлетiн ақпараттар озық технологиялар арқылы барлық адамдар үшiн қызмет ете бастады. Ол бiз көрiп, бiлiп, қолданысқа енгiзiп отырған интернет саласы. Келешекте бұдан да озық, тың жобалардың бiздердi күтiп тұрғаны сөзсiз. Бiз соған сақадай сай болуымыз керек. Жалпы журналистика саласы көп бiлiммен қатар жаңа ақпараттық технологияларды толық меңгерудi бiзден талап етедi.     

Менiң ойымша, журналистика мамандығын таңдаған студенттер өз кәсiбiне өте адал болуы керек. Сонымен қатар қағазы мен қаламы арқылы қорғансызға пана болып, әдiлеттiлiктi жақтағандары жөн. Қоғамдағы болып  жатқан жетiстiктермен қатар келеңсiздiктердi аямай жариялаудан адасып қалмағаны жөн. Дей тұрғанмен, тың ақпараттарды жариялаған кезде дерек пен дәйек толық болуы шарт. Елден, көшеден естiген жалаң сөздерге сенiп жаза берсе ондай жаңалықтардың көк тиындық құны болмайды. Бiр елдi немесе бiр адамды негiзсiз қаралай берсе, жала жапса басы пәлеге қалуы мүмкiн. Бiз осыған абай болуымыз керек. Ақпарат әдiл таза болып, адам мен қоғам үшiн кiршiксiз қызмет етсе ғана бiз көздеген мақсаттарға жете аламыз.

Дана Бектөре,  М.Горький атындағы ЖОМ бiтiрушi түлегi.