Сіз бен бізге ортақ мекен болып отырған Шардара ауданы – тарихы тереңде жатқан, шежіресі мол өлке.

Өткен тарихын алдыңғы толқын ағаларымыз жақсы біледі. Ағаларымыз ресми түрде «Шардара ауданы» деп құрылған мекенді өз қолдарымен құрды. Алып құрылыстың басынан аяғына дейін қатысқан куәгерлер әлі де арамызда жүр. Біз оларды мақтан тұтамыз, еселі еңбектерін одан әрі жалғастыруға тырысамыз.

Ал енді қандай өлке, қандай аймақ болмасын, ол жердің сөз бастайтын шешені, елін бастайтын көсемі, аузы дуалы ақыны, ел-жұртқа ие әкімі болары сөзсіз. Сол сияқты киелі Шардара ауданын небір өрелі азаматтар басқарды. Әрбірі өзіне лайық із қалдырды. Қазіргі таңда Шардара ауданын осы өлкенің төл перзенті Қайрат Жолдыбайұлы басқарып отыр.

Шыны керек, Қайрат Жолдыбай туған өлкесін түлету мақсатында аз тер төгіп жатқан жоқ. Көзге көрінбес майда-шүйде мәселелерді айтпағанның өзінде аудан халқын табиғи газбен толық қамтудың өзі не тұрады?! Осыған дейін қыстың күні от жағып, күл шығарумен шаршадық емес пе? Қысы қаталдау болған биыл көмірдің бағасы да аспандап кетті. Отыныңыз тағы ақша. Біздің Өтеғұл елді мекеніндегі ауылдастарым табиғи газды тұтынып, мәз-мейрам болып отыр.

Өтеғұл елді мекені демекші, біздің ауылда көп жылдан бері көшелер асфальттанбай, азып-тозып қалған еді. Жауынды-шашынды күндері жаяу жүргіншілердің өзі қарға адым аттай алмай қалатын. Қазіргі таңда жолдарымыз жөнделіп қалды. Көлік қатынасы реттелді. 

Адам баласы болған соң ауырмай-сырқамай тұрмайтыны тағы бар. Ондайда емхана қасыңызда болса тіпті жақсы ғой. Осы мәселе де шешімін тауып, ауылға медициналық пункт салынды. Басы ауырып, балтыры сыздағандар қала орталығындағы емханаға барып, кезек күтпейді, өзіміздің емханадан ем-домын алады.

Ауызсудың жыры бітпей келе жатқанына нешеме жыл болып еді. Бұл мәселе қаншама жылдан бері қаншама жерде айтылмады дейсіз. «Айта, айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» кезі болған еді. Қазіргі таңда елді мекендегі әрбір үйге су құбыры тартылған, су сарылдап ағып тұр. Тәтті суымыз тағы бар.

Қазіргі кезде ауылды абаттандыру шаралары қолға алынды. Сырдария өзені бойынан «Тыңгерлер саябағы» ашылып, ауылдың сәні кіріп қалды. Мұнан бөлек сән-салтанаты келіскен тағы бір саябақ бой көтеріп жатыр. Ол жерлер жастар үшін керемет демалыс аймағына айналуда.

Бұл шаруаның барлығы бюджеттің қаражатына атқарылып отырғаны рас. Бірақ сол қаражатты қажетті жерге жұмсау бар. Бұл жағынан алғанда Қайрат Жолдыбай әрбір мәселені егжей-тегжейлі таразылап отыр десек артық айтқандық болмас.

Ал инвесторлар тарту мәселесі қалай? Бұл мәселе де ретімен орындалып келеді. Бұрынғыларын айтпағанда таяуда Алатау батыр ауылынан киім тігетін цех ашылды. Жуырда жүгеріні терең өңдейтін кәсіпорын ашылмақ. Қазіргі таңда инвестор табу, олардың ақшасын ауданға тарту оңай емес. Инвесторлар ақшаларын көрінген жерге сала бермейді. Олар да жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Олардың қаражатын тарту үшін ауданның экономикалық потенциалын дәлелдеп беруің керек, оларға жағдай жасауың керек. Инвестор пайда таппайтын болса, бұл маңға аттап баспайды. Бұл ретте де әкімдердің еңбегі зор. Алдағы кезеңдерде өзге де кәсіпорындар ашылады деп үміттенеміз.

Таяуда елге керекті мәселелерді көтеріп Қайрат Жолдыбайдың жеке қабылдауында болдым. Әкім жылы шыраймен қарсы алып, сөзімді мұқият тыңдады. Ел үшін керек тірлік болған соң ол мәселелерді шешуге уәде берді. Мен ғана емес, әкімнің алдына барған қарияларымыз да Қайрекеңнің елдік мәселеге бей-жай қарамайтынын айтып отырады. Осыған қарап Қайрекең «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы қатаң ұстанады-ау деп қалдым.

Осы уақытқа дейін атқарылған шаруаларды жіпке тізгендей етіп баяндай берсем көп дүниені айтуға болады. Мен басты-басты деген мәселелерге ғана тоқталдым.

Жоғарыда аталған жұмыстарды жүзеге асыруда қазіргі қала әкімі Олжас Айдосовтың да қосып отырған үлесі мол деп есептеймін.     

 Сөзімді түйіндей келе айтарым – «бектер келеді, кетеді» дей бермей, барымызды бағалай білейік! Туған өлкесінің түлеп, түрленуі үшін тер төгіп жүрген азаматтарымызға амандық, саулық тілеймін. 

Мұхамед Оразбаев, Өтеғұл елді мекенінің тұрғыны.