Бала күнімде  «Самарқанның көк тасы жібіген күн» деген сөзді атамнан көп естейтінмін. Атам жарықтық: «13 наурыз – жылдың басы. Осы күні жыл жаңарып, табиғат ана қыстың құрсауынан шығып, көк шығып, мал төлдеп, сонау Самарқандағы көк тас жібиді.

Көк тас жібу уақыты көзді ашып жұмғанша өтетін құбылыс. Жібіген кезде тасқа қылышты сұғып алуға болады деседі» деп бұрынғылардан естігенін бізге айтып отырушы еді. Сол сөздің мәнісін толығырақ ашайын деп, ғаламтор мен тарихи кітап беттерін ақтарып көрген болатынмын. Сол жайында аз-кем тоқталуды жөн көріп отырмын.

2016 жылы Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының 3 курсында оқып жүргенімде Өзбекстанның көне қалаларына іс-тәжірибеден өтуге экспедиция ұйымдастырылған болатын. Сол кезде Өзбекстанның Самарқанд қаласына бару бақыты бұйырған. Самарқанның шырайлы жерлерін аралап жүріп, атақты Регистан, Ұлықбек обсерваториясына ат басын бұрдық. Көне шаhардың көзді арбайтын кесенелері, ай сәулесі аймалап тұрған күмбездері, бәрі-бәрі ерекше сезім сиқырына бөлейді.

Самарқанға барған соң атақты Әмір Темір кесенесіне баруға да қатты құмарттық. Кесенеге барған тұста, бізді музейді таныстырушы ала шапанды ағамыз күтіп алды. Барлығын егжей-тегжейлі таныстырып жатыр. Бір кезде «Мынау сендердің наурыз келгенде айтып жүрген, Самарқанның көк тасы» деп көкшіл түсті, төртбұрышты тасты меңзегенде көзіме оттай басылды. Себебі, атамның «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөзі бірден ойыма келді. Содан жаңағы музей таныстырушы көк тас туралы, құрамы жайлы мәліметтерді біздерге түсіндіріп берді. Мен атам айтып жүрген тасты көргенде ерекше толқыныста болдым.

Шын мәнінде,  геологиялық термин сөздіктерде лазурит – «көк тас» деп көрсетіледі. «Лазурит – силикаттар класының каркасты типіне жататын минерал. Сингониясы – текшілік, агрегаттары тұтас тығыз масса. Түсі – қою көктен күлгінге дейін, жылтырлығы – шыныдай, қатты, жіктілігі жетілмеген, меншікті салмағы сілтілі және қышқыл интрузиялардың жапсарында метаморфталған әктастарда кездеседі. Әшекей тас ретінде қолданылады. Синонимі: ультрамарин. Лағыл – минерал, мөлдір корунд; хром қоспаларын кіріктіруіне байланысты әдемі қызыл түске боялған; І класты асыл тас» (Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі геология, 4000-ға жуық термин. Алматы, «Мектеп» 2003 ж. 134-135 б.).

Самарқанның көк тасы қай күні жібіген? Бұл сұрақ туралы айтылар әңгімені әріден бастайық.

1914 жылы 9 наурызда шыққан "Қазақ" газетінің 53 санында "Наурыз" деген зерттеу мақала жарияланыпты. Онда:

"Сәлем бердік! Жас наурыз – жылдың басы!

Жұрттың күткен мінеки, ықыласы.

Көжесін қып, күйбеңдеп, басын асып,

Бермек әр кім барынша қонақасы!

... төрт тоқсанның ішінде жылдың жасарып, жаңалайтын кезі – жаз. Сол тоқсанның басы 9 наурыз болғандықтан, бұл күн – "наурыз" айы, "жаңа күн" деп аталады" деп жазылыпты.

Ал, Шоқан Уәлихановтың қазақы күнтізбе туралы жазып, астрономиялық кескінін келтіріп салған суретінде үш тілдегі күнтізбе сипаттамасы наурыз айынан басталады деген. Сөйтіп, Наурыз айы туғанда, яғни, бүгінше – 14 наурыз (ескіше – 1 наурыз) Күн Тоқты шоқжұлдызындағы қозғалмайтын Амал (үркер шоқжұлдызы болуы мүмкін) жұлдызына беттеп, "көріседі" де, соның әсері жерге беріліп, жыл маусымы алмасады. Тоқсан күн – қыс 13 наурызбен бітіп, жылдың да, көктемнің де басы 14 наурыз болып есептеледі. 14 (1 – ескіше) наурыз – түркілік жыл шеңберінің жіті, көктемнің, жылтоқсанның әрі мүшелдік жылдың басы" деп түсіндірген. Осылайша, жұлдыз бен ай көрісіп, күн мейірін төккен күн – қазақтың жаңа жылына, ағайын-туыстың көрісіп, той тойлайтын мерекесіне айналды.

Ал белгілі мәдениеттанушы, наурыззерттеуші Серік Ерғали:

– Қазақтың ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурызнама өтетінін айтады. Ол "ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы" деп жазады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыздың ұлы Ахаттың жазбаларында: "14 март – ескіше бірінші наурыз. Әкей айтты: бүгін – ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл – парсы тілінде жаңа күн" дегенді білдіреді" деп жазған.

Белгілі түркістандық айтыскер ақын Павлодарда өткен бір айтыста:

Жылы сөз жүректегі

                            құлыпты ашады,

Қазағым қашаннан-ақ ғұрыпқа сақ.

Самарқанның көк тасы ериді екен,

Наурыздың он үшінде ұмытпасақ, – деп қайырғаны бар.

Мейлі, 9, 13 -4, 21-22 наурыздың қайсысы болса да, жаңа жылдың басы "Наурыз айы" екенін білдіріп тұр. Көктем бір жерге ерте, бір жерге сәл кеш келетіні тағы бар. Әйтеуір, наурыз айының ішінде келетіні ақиқат. Сонымен бірге, 14 наурызда туған ай қайтадан толып, қайта туғанша бір ай уақыт өтеді.

Осылайша, көшпелі қауым табиғаттың мінезі мен күннің қабағына қарай мерекеледі. Наурыз көжелерін жасап, қыстан аман шыққандарын тойлайтын болған. Солтүстіктегі суық өңірдегілер сәл жайырақ, ал оңтүстіктегілер ертерек тойлап отырғаны белгілі. Осындай  кезде Самарқанның көк тасы да еритін болуы керек.

Кейін, түркі ұлттары тәуелсіз елге айналғанда халықтың тойлауына ыңғайлы болу үшін 21-22 наурыз күнін ресми "наурыз мерекесі" ретінде тұрақтандырды.

Бекжұма Матжанұлы, Ы.Алтынсарин атындағы

 НОМ мұғалімі.