Қазіргі Қ.Тұрысбеков ауылдық округіне қарасты «Қуанқұдық» ауылы (бұрынғы  Шардара кеңшарының №4 фермасы) туралы Оңтүстік өңірі  бұрыннан қанық. Тіпті, шалғай аймақтарға жолың түссе, құт қонған, қызыр дарыған ел жайлы құлағы түрік ағайын  жақсы пікірлер қозғап, төбемізді көкке көтереді.

Өйтпегенде ше, әлемдегі алып мемлекет атанған Кеңестік Одақтың кезінде-ақ Шопан атаның ақ таяғын сенімді серік еткен еңбекқор ел қой өсіріп, төл алудан, мемлекетке ет-елтірі тапсырудан ешкімге есесін жібермеді. Социалистік жарыстың жыл сайын алдында жүріп, аты өрледі.  Кеңестік кезең ыдырап, қоғам  өзгергенімен, жаңа заман жастары ата жолын жалғап, көзін сатып телмірмей, еңбек етіп терін төгіп, берекелі ауылдың беделін арттырды. Табысын тасытты.

Мен осы ауылда туып-өсіп, тәрбие алғаныма қуанамын. Мақтанамын. Басқа туыстарым да, жерлестерім де сондай. Маңдайтер жемісі мен жеңісінің қайтарымы болар «Қуанқұдықта» той да, қызық та тоқтаған емес. Биыл «Қуанқұдық» ауылының құрылғанына 65 жыл толады. Осыған орай, «Ауылым – алтын бесігім» айдарымен мерейтой өтті.

Тойды өткізуге ауыл тұрғындары өзара ақылдасып, келісіп демеушілік жасады. «Көп түкірсе көл» демекші, бірлігі мен тірлігі жарасқан құтты қоныста іргелі іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Кең дастарқанда өткен мен жаңа қауышты. Ақсақалдар да, кезінде ел басқарған ағалар да, аудан әкімі, түрлі партияның жетекшілері мен мүшелері аядай ауылды бетке алды. Ыстық ұясын аңсаған түлектер де түгелдей келді. Бата мен тілек ағылды. Марапаттар да болды. Ас тартылды. Той соңы қазақтың ұлттық ойыны көкпарға ұласты. Аяулы жеңгелер мен апалардың, алыстан сағынып жеткен ағалардың жарқыл қаққан жүздерін көріп, көктемдей көркем көңілдері мен пейілдерін танып, еріксіз елітесің. Жайлау төрінде елге  белгілі қонақтарды сөзге тарттық.

– Мен, – дейді сыйлы қонақтардың бірі Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, – еңбек жолымды осы ауылда бастағанмын.  Фермадағы үлгілі шопандардың бірі Зұлпыхар Ибрайымовтың отарында мамандығым бойынша қой қашырым науқанына қатыстым. Зұхаң ақ көңіл, жаны жайсаң жан еді. Күндіз-түні малдың күтімі мен қамында жүреді. Шаршамайды. Тынбайды. Анасы жасы сексеннен асқан Күлпат әжеміз де жауапты науқанның маңызын түсініп, жасының үлкендігіне қарамастан көмек беруден аянбайтын. Бұл ауылдың барлық үйі еңбекқор, малсақ жандар. Бірінен бірі өтеді. Түнгі қой күзетті баласының аяғына арқан байлап қойып баулыған, асыққан соң, сүттегі сәбиін қырмандағы сабанның арасына тығып, қой қайырып, кейін таппай қалып, жан ұшырған ана жайлы да естігенбіз. Кейінгі жылдары осы ауыл қарайтын кеңшарды басқардым. Бұрыннан таныс, бірлігі мен тірлігі жарасқан ауыл маған әлі күнге дейін ыстық.

Ауданда ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарған Рақымжан Кенбаев аға да өзіне таныс ауылдың өткенін еске алды.

– Ауыл өзі құрылған 1957 жылдан жекешендірілгенге дейін, яғни, жарты жылға жуық уақыт аудандағы, тіпті, облыстағы ең үздік ұжымның бірі саналды. Қой саны 30 мыңнан асты. Сол кезеңдегі ең қадірлі марапаттар –«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иесі, Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дәуек Сүгірбаев, «Ленин», «Октябрь Революциясы», «Құрмет белгісі» орденді Жолдасбай Телеуов, «Құрмет белгісі» орденді Досан Құнанбаев, Баржақсы Пайызов, Ақылбек Әліпов, Тілеухан Жүсіпбаев, Қуанышбек Мақашев, Арысбай Телеуов, Сәкүн Ыбырайымов, Шегебай Мырзабаев, Оразалы Тойтанов, Атымтай Ақылбеков, Ырысқұл Құнанбаев, тағы басқа да озат шопандар осы ауылдан шығып, үзеңгілестеріне үлгі көрсетті.

– Ауылды әр жылдары Ә.Жолтаев, Т.Смағұлов, Қ.Смайылов, А.Нұрсейітов сияқты ағаларымыз басқарды,- деп сөзге араласты бұрын осы фермаға басқарушы болған Сапарқұл Алтынбеков. – Әсіресе, Қали ағамызды осы күнге дейін құрметпен еске аламыз. Ол кісі еңбек адамына жақын тұрды. Әр үйдің жағдайын білуге, әр мүшесіне қамқорлық пен жақсылық жасауға жанын салды. Ұжымның жиырма жыл көлемінде ең биік көрсеткішке қол жеткізіп, үнемі үздіктер қатарында жүруіне Қалекеңнің сіңірген еңбегі зор. Ол біздің ұстазымызға айналған жан. Ұзақ жылдар фермада шаруашылық меңгерушісі болған Күзенбай Тілегенов, Нұршатай Ақылбеков, мал дәрігерлері Өтебақ  Тұрлыбеков, Бердіқұл Бекназаров, есепшілер Бидәулет Тойтанов, Үсен Құнанбаев, қатардағы жұмысшылар Әмір Смайлов, Қалытқан Байбосынов, Әуезхан Бекқұлиев, Оразкүл Исаханқызы, Айымгүл Батанова,  медициналық қызметкер Тұрсынәлі Нұртазаев, көлік жүргізушілер Мүсір Жарияқұлов, Таңжар Орынбаев, Тұрсынхан Жүсіпбаев сияқты аға-апалардың есімін мақтанышпен еске аламыз. Олардың қадір-қасиетін жастарға үлгі-өнеге етуден жалықпаймыз. Сәдібек, Әбдікәрім, Құнанбай, Жүсіпбай, Сәкүн, Ахмет, Керімбек, Дәрімбай, Оңлабек ақсақалдар да  ауылдың арақасүйер ақылшысы, табысының таянышы еді.

Осы тойды ұйымдастырып, көптің көңілінен шығуына ұйытқы болып жүрген Ералы Ибрайымов, Бақыт Байбосынов, Болат Рысқұл, Роман Тойтанов, Нұрлан Қалиұлы, Үсен Ахметов, Құдайберген Нұртазаев,  Дүйсенбай Пайызов, Жаңабай Мақашев сияқты ауыл азаматтарының ынта-ықыласына риза болдық. Ата жолын сақтап, ұлт дәстүрін жоғалтпай, бірлігі мен тірлігін бірдей ұстап келе жатқан ауылдың ауызбіршілігін қолдап қуандық. 

Көрші «Айдаркөл» аулынан қонаққа келіп қатысқан  Баймахан Маймақов та «Қуанқұдықтағы» тойдың ұйымдастырылуына дән риза екенін айтты.

– Бұл ауыл бұрыннан ұйымшылдығымен, іскерлігімен танымал ауыл. Бүгін де көрші ауылдың  жомарттығын, қонақжайлылығына тәнті болдық. Бұл ауылдың тұрғындары Одақтың кезінде-ақ базарлық нарыққа көшіп қойған болатын. Мал бағуға, қажетті бап-күтімін жасауға, өнімін тұтынуға баяғыдан машық. Кәсіпкерлікті ілгеріден-ақ меңгеріп алған,-дейді ол. 

Осы ауылдың тумасы Жанар қарындасымыз аналар тәрбиесі туралы айтып берді.

– Мен жас кезімнен қол өнеріне икемді болып өстім. Кілем тоқыдым.  Кесте тіктім. Қатарымызды аналарымыз шебер болуға, еңбекқұмар болуға үйретті. Кейін өскенде, бала кезде үйренген тәрбиемнің тәтті дәмін таттым. Бірде экспрездидент Нұрсұлтан Назарбаев Шардараға келгенде құрметті қонақты ауыл дәмімен қарсы алу үшін маған кәдімгі самауырмен шай қайнатып,  табамен нан пісіру ұсынылды. Ауылда  қыздар мен келіндер үлгі ететін аналар мен енелер көп болды. Мысалы, Оразгүл анамыз ұстаған киіз үй жыл сайын ауданның Наурыз наурыз тойында тігіліп, салтанаты мен сәулеті елді қайран қалдыратын. Анамыздың шебер қолымен өрнектелген ақ отау іргелі үш мемлекеттің – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Республикасының Президенттері Ордабасыда бас қосқанда мәртебелі қонақтардың  назарын ерекше аударды. Біз абзал аналарымыздың өнегесі мен сабағын  жалғастырып, кейінгі ұрпаққа мұра етіп тапсырамыз.

Қазіргі таңда аядай ғана ауылдан мықты кәсіпкерлер, ұлағатты ұстаздар, дәрігерлер, заңгерлер, экономистер, мекеме, кәсіпорын басшылары Астанада, Алматыда, облыс орталықтарында, елді мекендерде еселі еңбек етуде. Олар- біздің мақтанышымыз. Ауыл орталығында елудей отбасы тұрады. Шағын кешенді бастауыш сынып мектебі, медпукт қызмет көрсетеді.

Сөз орайы келгенде ауыл тұрғындарының өтініштері мен  ұсыныстарын да баспасөз арқылы тиісті азаматтарға, соның ішінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының атына жолдауды жөн көрдік.

Бірінші, Шардара-Жетісай трассасынан ауылға бұрылатын тұсқа  көрнекті етіп «Қуанқұдық ауылы» деп жазылған арка орнатылса.

Екінші, ауыл болашағы саналатын жастардың бос кезін мазмұнды әрі көңілді өткізу үшін ескі қолдан жасалған футбол алаңы заманауи жобамен  жаңадан салынса.

Үшінші, ауыл іші жарықтандырылса, яғни, жолға электр шамдары қойылса.

Төртінші, ауыл  ауыз сумен қамтамасыз етілсе.

Осы орынды өтініштеріміз орындалса, Шардара-Жетісай» трассасы арқылы күнделікті өтетін жолаушылар да, ауыл жанындағы жағажайларға келетін мың-сан демалушылар да, түрлі елдерден келетін туристер де шағын ауылдың сәулеті мен дәулетіне қызығып, жан-жаққа мақтаныш етер еді. Үлгі етіп таратар еді. Аудан басшыларына алғыс айтар еді. Ауыл тұрғындарының өтініші жерде қалмас деп сенеміз. 

Ақынға перзентіне туған жерден артық қазына бар ма, сөзімнің соңын өлеңмен аяқтауды жөн көрдім.

Ақ сүтін еміп өскен бауырында,

Бақыттың бәрі осы ауылымда.

Жауынын да сүйемін көктемдегі,

Сүйемін аптабын да, дауылын да!

Тағдырым осы ауылмен бірге менің,

Көтерем жеңілін де, ауырын да!

Барлық жанға төгетін жан шуағын,

Сүйемін қарапайым қауымын да!

Айды қалай сүймейін ажар төгіп,

Нар шағылдың тұратын жауырында!

Тәтті әнім- таңдайдағы,

Мақтаным- маңдайдағы.

Шақтарым сағындырды,

Шағылды шалғайдағы.

Ақ сүттің анам құйған,

Кетпейді балдай дәмі!

Қызыл құм,

Қызыл іңір.

Қызған сауық.

Сүйкімді қандай бәрі!

Сағынып салатұғын алыстан ән,

Құстарының дауысы таныс маған.

Мен де бір бозторғайы емес пе едім,

Самғамай қалай бүгін қалыс қалам?!

Жайлы кілем тәрізді мына жалда,

Арамызда бар ма екен алыспаған?!

Ана бетте жылқыға құрық тастап,

Ауыздықсыз асаумен алысты ағам!

Су алуға барғанда құдашамен,

Сырласудан басқаға барыспағам.

Мал ұстаған қазақтың бұл ауылы,

Артығырақ арман мен ар ұстаған!

Беу, менің жаныма ыстық, алтын бесік,

Сағынамын ұзасам қарыс қадам!

 

Нұрғали Ыбырайым, ардагер ұстаз, Қазақстан

Республикасы Оқу-білім ісінің үздігі.