Мемлекет басшысының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында таяуда аудандық iшкi саясат бөлiмi мен “Шардара аудандық мүгедектер қоғамы” қоғамдық бiрлестiгiнiң ұйымдастыруымен
мүмкiндiгi шектеулi жандардан құрылған “Шардара толқындары” атты ансамбiлiнiң “Жан жүректiң жылуы” атты қайырымдылық концерттiк бағдарламасы өттi. Концерттiк бағдарлама барысында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, одан түскен қаржы аудан аумағында тұратын тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтiк көмек беруге жұмсалатын болды.
Концерттiк бағдарламаны аудандық мәслихат хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев ашып, өз сөзiнде мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетудi бiрiншi орынға қою керектiгiн айтты. Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесi жанындағы әжелер кеңесiнiң төрайымы Ж.Төлешова мен аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы А.Бердалиева және аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Қ.Ерназаровтар сөз алып, өздерiнiң ыстық лебiздерiн жеткiздi.
Концерттiк бағдарлама аясында мүмкiндiгi шектеулi өнерлi жандар кереметтей ән салып, тыңдарманын жылатып та, жұбатып та отырды. Тағдырдың қатал сынына төзiп, бiрi жарық дүниенi бiр көруге зар болса, бiрi өз аяғымен жүрудi армандаған бұл жандардың өмiрге құштарлығы жұртты тебiренттi.
Рүстем ЕРҒАЛИҰЛЫ.