9 мамыр күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, аудан орталығында орналасқан орталық саябақта Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналып қойылған «Мәңгілік алау» монументіне салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Ұлы Отан соғысына Шардара ауданынан 811 жерлесіміз аттанды. Олардың қатарында ерен ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атанған Абылай Әлімбетов, Сейітқасым Әшіров және Халық қаһарманы Мәулен Қалмырзаевтар бар. Қазіргі таңда сұрапыл соғысқа қатысқан ардагерлер арамызда жоқ болғанымен, олардың өшпес ерлігі жадымызда.

Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, ҰҚК Шардара аудандық бөлімшесінің басшысы Нұрсұлтан Айтқұлов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Ербол Жұманов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Шералы Әділханұлы, Ауған соғысының ардагерлері, әскери бөлім қызметкерлері, бөлім басшылары мен мекеме қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.

Қатысушылар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсімі Кеңес Одағының Батырлары Абылай Әлімбетов, Сейітқасым Әшіров және Халық қаһарманы Мәулен Қалмырзаевтардың ескерткіштерінен басталып, «Мәңгілік алау» монументіне салтанатты гүл шоқтарын қоюмен жалғасты. Майдан даласында қаза тапқан жауынгерлердің құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, олардың ерлігіне тағзым етілді.

Салтанатты шарада аудан әкімі А.Қарсыбаев: «Сіздерді 9 мамыр Ұлы Отан соғысының 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке ерлік пен Отансүйгіштіктің мерекесі. Кең байтақ жерімізді қорғап, бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлеріміздің ерліктері ешқашан ұмытылмайтын болады. Біз өз тарапымыздан аталарымыздың бізге қалдырып кеткен аманатына адал боламыз деген сенімдемін. Мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, құт-береке тілеймін. Бейбіт аспан астында көк туымыз желбірей берсін» – деп өз лебізін білдірді.

 Аудан әкімінің баспасөз қызметі.