Аптаның сәрсенбісінде Шардара қаласының Төменгі Тоғай шағын ауданында «ARLAN BOXING CLUB» жасөспірімдерге арналған жаңа бокс залының ашылу салтанаты өтті. Спорт нысаны жергілікті азаматтар — жаттықтырушылар Бексұлтан Өсерханов пен Ералы Өсерхановтардың жеке қаражаты есебінен салынды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы өз сөзінде спорттың жастарды тәрбиелеудегі рөлін атап өтіп, жасөспірімдерге арналған спорт кешенінің ашылуын маңызды оқиға ретінде бағалап, спортшыларға жоғарғы жетістіктерге жете беріңдер деген ниетпен спорттық құрал-жабдықтар сыйға тартты. Сонымен қатар, аудан басшысы Бексұлтан Өсерхановты ауданның әлеуметтік-спорттық дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен және Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойлық медалімен марапаттады.
Іс-шара барысында Шардара қаласындағы Мелдеби шағын ауданының биі, ауданның Құрметті азаматы Таңсықбай Сахов та құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімімен бірге жаңа спорт нысанының лентасын қиды.
Бокс – әлемдегі ең танымал және қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Аудандық №2 спорт мектебінің бокстан жаттықтырушысы Ералы Өсерхановтың шәкірттері ел көлемінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтқанда, Нұғман Қалдар – Қазақстанның үздік боксшыларының бірі, Диас Керімбай – Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ Бердияр Таңсықбай, Данияр Сметулла және Айсұлтан Жоламан Түркістан облыстық чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.
Жаңа бокс залы өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық жетістіктерге жетуіне үлкен мүмкіндік бермек.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.