Ағымдағы жылдың 5 маусымынан бастап Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша Департаментінің аумағында «Түркістан-6/25» шекара операциясы өткізілуде. «Түркістан-6/25» шекара операциясының басты мақсаты – шекаралық аймақтан белгіленген тәртіп пен мемлекеттік шекараның тұтастығын қамтамасыз ету, сонымен қатар заң талаптарының бұзылуына жол бермеу болып табылады.
Департаменттің барлық құрылымдық бөлімшелері күшейтілген режимде мемлекеттік шекараны күзетуде. Жалпы шекара операциясы басталғалы бері «Тамды» шекара бөлімшесінің аумағында 9 шекара режимін бұзу деректері анықталып, ұсталды. Олардың көпшілігі ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 510-бабының 1-тармағын және 2-тармағын бұзған Қазақстан Республикасының азаматтары. Шекара бөлімшесі әскери қызметшілерінің тыңғылықты қызметінің арқасында аталған азаматтар ұсталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Шекара операциясы барысында тыл кіреберістеріндегі Жайлаубай-1, Жайлаубай-2, Ернұр, Сайлаубай, Божбан, Жылқы құдықтары тексерілді. Мемлекеттік шекара арқылы малдарды заңсыз айдап өткізу деректері «Тамды» шекара бөлімшесінің аумағында анықталмады. «Тамды» шекара бөлімшесі шекара операциясы кезінде жоғарғы басшылықтан түскен барлық өкімдер мен тапсырмаларды уақтылы орындап, аталған жетістіктерге қол жеткізді.
Осы ретте «Тамды» шекара бөлімшесінің жеке құрамының табандылығы мен қайсарлығын ерекше атап өткен жөн. Алдағы уақытта «Тамды» шекара бөлімшесі мемлекеттік шекараны сенімді күзетуде жоғары жетістіктерге қол жеткізеді деген сенімдеміз.
Шамиль Бошқай,
«Тамды» шекара бөлімшесінің аға офицері, аға лейтенант.