Сүткент ауылы «Қазақстан халқына – 2026» ұлттық қайырымдылық конкурсының қорытындысы бойынша жүлделі ІІ орынға ие болды. Конкурс нәтижесінде ауылға 61,7 млн теңге көлемінде жүлде қаражаты қарастырылып отыр.

Бұл қаржыға баскетбол, волейбол және заманауи воркаут алаңдарын салу жоспарлануда. Жаңа спорт нысандары ауыл балалары мен жастарының спортпен тұрақты айналысуына, бос уақытын тиімді өткізуіне және бұқаралық спортты дамытуға мүмкіндік береді.

Сүткенттің бұл жетістігінде ауылдың тумасы, Сүткент ауылдық округінің бұрынғы әкімі Қайрат Рақымжанұлы Кенбаевтың бастамасын ерекше атап өткен жөн.

Қайрат Кенбаев ауыл жастарына қажетті жағдай жасау мәселесін көтеріп, спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаны әзірлеп, «Қазақстан халқына – 2026» конкурсына ұсынды.

Бұл – туған жердің мәселесін көріп, оған нақты шешім іздеудің және жақсы бастаманы жобаға айналдырып, жүзеге асыруға ұмтылыстың үлгісі. Бүгінде сол бастама 61,7 млн теңгелік нақты жобаға айналып, Сүткент жастарына арналған спорт нысандарының салынуына жол ашып отыр. Жақсы бастаманың нақты іске айналуында ұйымдастырушылық қолдаудың маңызы зор. Осы ретте Шардара ауданының әкімі Қарсыбаев Арман Романұлына алғыс білдіреміз. Аудан басшылығы ауылдардың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың бастамаларын қолдауға басымдық беріп келеді.

Сүткенттің бұл жетістігі – ортақ еңбектің нәтижесі. Жобаның бастауында нақты ұсыныс көтерген азамат тұрса, оның жүзеге асуына қолдау білдірген аудан басшылығы, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан мамандар мен ауыл тұрғындарының да үлесі бар. Ең басты мақсат – ауылдың әлеуметтік ортасын жақсарту, балаларға қолайлы жағдай жасау және жастарды спортқа тарту.

Сүткенттің ІІ орны – осы мақсатқа бастайтын маңызды мүмкіндік. Сүткент ауылының жүлделі ІІ орны құтты болсын!

Ауыл жастарының жеңісі көбейсін!

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.