Дүниежүзілік мақта күніне орай, Түркістан облысында «AQ-DALA – 2026» салтанатты іс-шарасы өтіп, ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталды. Мерекелік жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті құттықтап, өңірдің аграрлық саласындағы жетістіктерге тоқталды.

Айтулы шарада Көксу ауылының тұрғыны, «Аян» шаруа қожалығының төрағасы Айтбай Айбек ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Сүткент ауылының абыройын асқақтатып жүрген еңбек адамдары да, лайықты марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Балта» фермерлік қожалығының төрағасы Бекет Шыныбеков ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ал, «Жаныбек Е» шаруа қожалығының төрағасы Елбек Жәнібекке ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасы табысталды. Сондай-ақ, «Береке» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Құлбаев пен «Алтай» шаруа қожалығының төрағасы Ерғали Алтай облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Көксу ауылы- ның тұрғыны, «Ердос» шаруа қожалығының төрағасы Баймаханбет Кеншімге облыстық мәслихат төрағасының Құрмет грамотасы табысталды.

Бұл марапаттар – тынымсыз еңбек пен маңдай тердің, туған жерге деген жанашырлық пен кәсіпке деген адалдықтың лайықты бағасы. Диқанның еңбегі – елдің берекесі, ауылдың ырысы. Ақ алтынның әрбір түйірінде дала төсінде төгілген тер мен табанды еңбектің ізі жатыр.

Шардара ауданының атын шығарып, ауыл шаруа- шылығының дамуына үлес қосып жүрген  азаматтардың жетістігі – барша ауылдастар үшін мақтаныш. Олардың еңбегінің еленуі – кейінгі ұрпаққа үлгі, ауыл еңбеккерлеріне зор жігер беретін өнеге.

«Өскен өңір» – ақпарат.