Апта барысында аудан әкімі Арман Қарсыбаев Ұзын ата ауылдық округінде орналасқан «Дінислам» шаруа қожалығына арнайы барып, шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен, егіс алқаптарындағы жұмыстардың барысымен танысты.

Сапар барысында аудан басшысы шаруа қожалығының төрағасы Тілеубаев Дінисламмен кездесіп, ауыл шаруашылығын дамыту, егістік көлемін тиімді пайдалану, заманауи суару технологияларын енгізу, еңбек өнімділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қазіргі таңда 650 гектар жерді игеріп отырған шаруашылықта 200 гектарға күріш, 450 гектарға жоңышқа егілген. Жоңышқа алқабында жаңбырлатып суару әдісін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Шаруашылықтың жалпы инвестициялық жобасының құны 721,0 млн теңгені құрап, қаржы толығымен шаруа қожалығының өз қаражаты есебінен жұмсалуда.

Шаруашылықта 30 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылған, оның ішінде 15 адам – тұрақты, 15 адам – уақытша жұмысшы. Сондай-ақ, егіс және жинау жұмыстарын жүргізуге арналған 15 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы бар.

Кездесу барысында аудан әкімі Арман Романұлы ауыл шаруашылығын аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі ретінде атап өтіп, жерді тиімді игеру, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, өндіріс көлемін арттыру және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығына тоқталды.

«Елдің берекесі – ең алдымен жердің берекесімен өлшенеді. Жерді тиімді пайдаланып, заманауи технологияны енгізіп, жаңа жұмыс орындарын ашып отырған шаруалардың еңбегі – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосылған нақты үлес. Шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың тиімділігін арттырып, әрбір өндірістік жобаның ел игілігіне қызмет етуіне жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі», – деді аудан әкімі Арман Қарсыбаев.

Аудан басшысы мұнан соң, Көксу ауылдық округінде орналасқан «Балтабай» шаруа қожалығына арнайы барып, шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, еңбек адамдары және шаруалармен кездесті.

1997 жылы құрылған шаруашылыққа Серкебай Дүйсенкүл төрайымдық етеді. Бүгінде қожалықтың жалпы егістік алқабы 20 гектарды құрайды. Оның 16 гектарына мақта, 4 гектарына бақша дақылдары егілген.

Шаруашылықтың жалпы құны 39 млн теңге болатын өндірістік жұмыстары өз қаражаты есебінен жүргізілуде. Қазіргі таңда мұнда 5 адам еңбек етеді. Оның ішінде 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 2 адам маусымдық жұмыстарға тартылған.

Егіс алқаптарындағы жұмыстарды жүргізу үшін шаруашылықта 3 бірлік техника бар. Атап айтқанда, МТЗ-80 және ТS-1404 тракторлары, сондай-ақ, лазерлі тегістегіш аппараты пайдаланылуда.

Кездесу барысында аудан әкімі шаруалардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, егін шаруашылығын дамыту, жерді тиімді пайдалану, еңбек өнімділігін арттыру және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағытындағы мәселелерді талқылады.

Арман Романұлы шаруа еңбегінің ауылдың берекесі мен аудан экономикасының тұрақты дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.

«Диқанның маңдай терімен өнген әрбір өнім – елдің ырысы. Жердің қадірін біліп, кәсібін адал еңбегімен дөңгелетіп отырған шаруалардың жұмысы – ауылдың дамуына берік негіз. Сондықтан, еңбек адамын қолдау, шаруалардың мәселесіне құлақ асу және ауыл шаруашылығын дамыту – басты міндеттердің бірі», – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде шаруа қожалығының төрайымы Серкебай Дүйсенкүл шаруашылықтың алдағы жоспарларымен бөлісіп, егіс көлемін ұлғайту, техникалық мүмкіндікті арттыру және өндіріс көлемін көбейту жөніндегі жоспарларын жеткізді.

Аудан басшысы тиісті сала жауаптыларына шаруалардың ұсыныстарын назарға алып, заң аясында қолдау көрсету мәселелерін зерделеуді тапсырды.

Көксу ауылдық округіндегі «Балтабай» шаруа қожалы- ғының тыныс-тіршілігі – өз еңбегіне сенген ауыл кәсіпкерінің тұрақты ізденісі мен маңдай терінің нақты көрінісі. Осындай еңбекпен елді мекендердің әлеуеті артып, ауылдың экономикасы нығая түседі.

      Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.