
Шардара аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында дебат-пікірталас өткізілді.
Іс-шараға Шардара ауданы әкімдігіне қарасты әр түрлі сала мемлекеттік қызметкерлер қатысып, өзара пікір алмасып, қоғамдық маңызы бар мәселелер төңірегінде ой қозғады.
Дебаттың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің шешендік өнерін дамыту, сыни және аналитикалық ойлау қабілетін жетілдіру, өз көзқарасын нақты дәлелдермен жеткізу мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ кәсіби ортада ашық пікір алмасу дағдысын нығайту.
Абай Құнанбайұлының «Толық адам» ілімімен сабақтасатын «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қағидаты адам бойындағы жігер мен табандылықты, парасат пен пайымды, мейірім мен адамгершілікті үйлестірудің маңызын айқындайды. Бұл қасиеттер мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысында да айрықша мәнге ие. Себебі халыққа адал қызмет ету үшін кәсіби біліктілікпен қатар, әділдік, жауапкершілік және азаматтарға деген құрмет қажет.
Пікірталас барысында қатысушылар өз ұстанымдарын ортаға салып, қарсы тараптың уәждерін саралап, дәлелді пікір айтуға мүмкіндік алды. Мұндай шаралар мемлекеттік қызметшілердің зияткерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, командалық жұмыс, өзара түсіністік және ортақ шешім қабылдау мәдениетін дамытуға ықпал етеді.
Осындай мазмұнды кездесулер мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына жол ашып, мемлекеттік қызметтің басты құндылығы – халық игілігі үшін адал әрі сапалы еңбек ету қағидатын нығайта түседі.
Өз тілшімізден.





