
Жуырда Грузияның астанасы Тбилиси қаласында пара дзюдодан әлем чемпионаты болып өтті. Бұл дүбірлі додада Қазақстанның көк туын қорғаған спортшылар жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Аталған халықаралық бәсекеде жерлесіміз Құлмырза Бексұлтан 81 келі салмақ дәрежесінде татамиге шығып, қарсыластарына қарсы тартысты белдесулер өткізді. Жарыс барысында бар шеберлігін көрсеткен Бексұлтан ақтық белдесуге дейін сүрінбей жетіп, шешуші кездесуде Грузия елінің балуанына жол берді. Нәтижесінде жерлесіміз әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.
Бұл – Бексұлтан Құлмырзаның табандылығы мен тынымсыз еңбегінің, жаттығудағы ізденісінің және жеңіске деген жігерінің нәтижесі.
Бексұлтанның бұл нәтижесі ел спорты үшін үлкен жетістік. Алдағы халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, көк Туымызды биікте желбірете беруіне тілектеспіз!
«Өскен өңір» – ақпарат.




