Кеше Шардара аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ермек Нұралиев 2021 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде жылдық есебін берді.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, қала және ауылдық округ әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері, полиция бөлімінің жеке құрамы мен жедел кеңес мүшелері, ауыл билері және өзге де тұрғындар қатысты.
Есепті жиында полиция бөлімінің бастығы өткен жылы атқарылған жұмыстарға шолу жасап, жиынға қатысушылар тарапынан айтылған сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарды қабылдады. Сонымен қатар Б.Шомпиев полиция бөлімінің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, күн тәртібіндегі мәселелерді атап көрсетті.
2021 жылы аудандық полиция бөлімінің атқарған жұмыстарында 2020 жылмен салыстырғанда оң нәтижелер байқалады. Нақтылап айтсақ, аудан бойынша 2020 жылдың 12 айында жалпы 195 қылмыс тіркелсе, 2021 жылдың есепетік мерзімінде 159 қылмыс тіркеліп, 36 қылмысқа кеміпті.
Сондай-ақ, 2021 жылдың 12 айында орын алған 51 ауыр және аса ауыр қылмыстың 50-і аяқталып, сотқа жолданған. Сонымен қатар, барлығы 6953 әкімшілік құқықбұзушылыққа қаулы шығарылып, барлығына тиісті айыппұл салынып, оның өндірілуі 67,9 пайызды құрап отыр.
Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар былтырғы жылмен салыстырғанда 37-ден 25-ке, ал көшелерде орын алған қылмыстар 26-дан 11-ге кеміген.
Алайда жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар саны алаңдататын жағдайда. 2020 жылы 25 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2021 жылдың есептік мерзімінде 36 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті.
Былтырғы есепті кезеңде учаскелік полиция инспекторларының жеке іздестіруімен 2021 жылдың 12 айында 50 қылмыс ашылған.
Бөлімнің ювениалды полиция тобы қызметкерлерімен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 12-ден 7-ге төмендеген.
Бөлімнің табиғат қорғау тобымен 2021 жылдың 12 айымен 12 қылмыс анықталып, сотқа жолданған.
– Бөлімнің әкімшік полиция бөлімшесімен бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, аудан бойынша облыстық маңызы бар жолдар – 166,2 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 48,73 шақырым. Аудан бойынша тіркелген көліктер саны – 11 931. Оның ішінде, жеңіл көлік – 10 363. Жүк көлігі – 1239. Автобус – 295, мото – 34.
Жол-көлік оқиғаларының орын алу себептерінің бірі – жылдамдықты асыру мен ауданымызда көлік санының артуы. Осы бағытта аудан аумағындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен апаттылық жағдайын азайтуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды, – деп ой қорытындылады аудандық полиция бөлімінің басшысы.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.