Күллi әлемдi әбiгерге салған коронавирус iндетi бiздiң елiмiзде де күн сайын өршiп барады. Дерттi болғандардың ұзын саны мыңнан асып жығылды. Облысымызда да жүзге жуық азамат аталған дертке шалдықты.

Көршiлес Жетiсай, Мақтаарал, Арыс аудандарынан осы ауру белгiлерi анықталды. Олардың бойындағы дерттiң белгiлерi ерте анықталып,  аурудан айығып жатқандары көңiлге демеу. Алайда сақтық шараларын бiр сәтке де босаңсытуға болмайды.

Пайым, түсiнiкпен алар болсақ, әр адам өзiнiң тағдырына өзi жауап бередi. Карантин ережелерiн (өзiн-өзi оқшаулау, тазалықты сақтау) бұлжытпай орындаса, вирусты жұқтырмай, бұл өткелден аман-есен өте алады. Олай болмаған жағдайда, әрине, ауру жұқтырары сөзсiз.

Сондықтан әрқайсымыз жүрiс-тұрысымызға, өз-өзiмiздi ұстауымызға, гигиена мен санитария нормаларына ғана емес, басқалармен қарым-қатынасымызға баса мән беруiмiз керек. Күнделiктi араласып жүрген ортаң таза болса, сен де тазасың. Өкiнiшке орай, осы орасан зор жауапкершiлiктi сезiнбеген азаматтар да кездесiп жатыр. «Бiр Құдай жеткерер, Құдай сақтасын» – деп, карантинге дейiнгi әдеттерiнен қол үзгiсi келмейтiн, ретiн тауып, ат шаптырмаса да, көлемдi қонақ шақырып, той-томалақ жасап жiбергiсi келетiн жамағат жоқ емес. Бiрақ бұлай iстеуге болмайды. Бұл үрдiспен қоштаспай, жеке және ұжымдық жауапкершiлiктi сезiнбей, қауiптен құтыла алмаймыз.

Елiмiздегi төтенше жағдайға орай, бiршама кәсiпорындар, бiлiм беру мекемелерi, қоғамдық тамақтану орталықтары, базар-дүкендер өз жұмыстарын уақытша тоқтатты немесе аз уақыттық жұмыс режимiне көштi. Алайда олардың жұмысшылары мүлде табыссыз қалған жоқ. Үкiмет оларға 42 500 теңге жәрдемақы тағайындады. Қазiргi таңда бұл жәрдемақыны миллиондаған отандастарымыз алып үлгердi. Мұнан бөлек «Нұр Отан» партиясының бастамасымен арнайы қор құрылды, жер-жерлерде кәсiпкерлердi ұйымдастыра отырып, аз қамтылған отбасыларға азық-түлiктер берiлуде. Мұндай шаралар бiздiң ауданымызда да ұйымдастырылып жатыр. Бұл бiрiгу мен үшiн, ең алдымен, басқалардың денсаулығына деген қамқорлық, сырқатқа шалдыққан жандарға деген жанашырлық пен түсiнушiлiк, қиналып қалған ағайынға деген моральдық қолдау деп бiлемiн.

Бекiтiлген ережеге бағыну – өзiн-өзi сыйлау, сонымен бiрге, басқаларға деген құрмет, жанашырлық. Соны да түсiнуiмiз керек. Өзiңдi сақтағаның – өзгелердi сақтағаның.

Қиын сәтте бiр-бiрiмiздi қолдай бiлейiк, қуаттай бiлейiк.

 

Ерғали Қарымсақов,

«Нұр Отан» партиясы Шардара аудандық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары.