Наурызды атап өтеу 10 күндігінде 18 наурыз – Ұлттық киім күні болып бекітілген.

Ұлттық киім дегеніміз – ұлттық код, ұлттық жад. Соны насихаттау бүгінгі ұрпақтың, біздің еншімізге тиген бақ. Сол аманатқа адалдық танытып, жай ғана айтып қоймай, күнделікті киіп жүру арқылы насихаттау керек. Шетелдегі қандастарымыз да ұлтымыздың мақтанышы – ұлттық киіммен ел аралап, жер аралап қазақтың ұлттық құндылықтарын танытып жүр.

Еліміздің түкпір-түкпірінде аталып өтіп жатқан Ұлттық киім күнін атаудан шардаралықтар да қалыс қалған жоқ. «Алты Алаш» алаңында батагөй ақсақалдарымыз оюмен көмкерілген ұлттық нақыштағы шапан, тақия, бешпен сынды киімдерді киіп, батыр аналарымыз ақ жаулығымен, кимешек, нымша, сәукеле сынды ұлттық киімдер киіп жастармен кездесті. Ауданымыздағы мемлекеттік қызметкерлер, түрлі мекеме қызметкерлері, балабақша қызметкерлері де алаңға ұлттық киімдер киіп, Қазығұрт ауданының челенджін қабыл алып, Жетісай ауданына жолдады.  Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков жалынды жастарға ұлтымыздың ұлттық нақыштағы киімдерін дәріптеп, оны әр қашанда қадірлеп қастерлеуге шақырды. Сөз соңында еліміз бен жеріміздің, халқымыздың амандығын тілеп ақ батасын берді. Мерекелік жиынның соңында ақ жаулықты аналар ескі әуендерді еске алып, өнерпаздар өнер көрсетті. 

Өз тілшімізден.