Шардаралық қолкүрес шеберлері Үндістанда өткен VIII Азия кубогында тағы топ жарды. Байрақты бәсекеге сары құрлық елдерінің құрыш білекті спортшылары қатысты. Нәтижесінде шардаралықтар 23 алтын медаль жеңіп алды. "Шардара Армспорт" мектебі ұлттық құраманың командалық есепте көш бастауына осылайша орасан үлес қосты. Екінші орынды Үндістан иеленсе, Иордания үшінші орынға табан тіреді.
Жеңіс тұғырынан көрінген Ибрагим Азамат, Назар Заңғар, Хали Текжігіт, Әшім Азат, Алдан Нұрсұлтан мен Анвар Эльдар балалар арасында өз салмақтарында тең келер қарсылас таппады.
Жасөспірімдер арасында Жасурбек Маманияз, Қожабек Бекнұр, Мелдебек Болат пен Ибрагим Әділет Азия кубогының иегерлері атанды.
Ал, жасөспірім қыздар арасында Оралбай Ұлжан мен Оразхан Ырысты қоржынға қос алтынды салса, жастар арасында Азия кубогы Айыпхан Ерсұлтанның қоржынына түсті.
Ересектер арасында Қожантай Бекжан, Зәрубек Санжар, Ерсайын Мейрамбек, Айдархан Нұрдаулет, Қаржау Есболат, Бекжігіт Асылжан, Тұрғанбек Тұрарбек, Басымбек Нұрболат, Хали Қасымжомарт пен Роман Данияр қарсыластарын қапы қалдырып, алтын медаль алды.
"Өскен өңір" - ақпарат.